Ержүрек майдангерлерімізді, тылда тынбай жұмыс істеген азаматтарымызды ардақ тұтамыз - А.Баталов
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және облыс тұрғындарын 9 мамыр мерекесімен құттықтады.
Өңір басшысы 9 мамырдың әрқайсымыздың жүрегімізден ерекше орын алған жалпыхалықтық мереке екендігін атап өткен.
«Біз ерліктері мен еңбектерінің даңқы ғасырларға жалғасқан ардагерлерімізді, ержүрек майдангерлерімізді, тылда тынбай жұмыс істеген азаматтарымызды ардақ тұтамыз», дейді Амандық Ғаббасұлы.
Мерейлі мереке күні майдангер аталарымызды ардақтай отырып, бүгінгі бейбіт заманда мемлекет мүддесінің, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігінің күзетінде тұрған ерлерге құрмет көрсетілуі тиіс, деп санайды облыс әкімің.
«Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері!
Сіздердің өнегелі өмір белестеріңізді үлгі тұтқан, өткен тарихынан сабақ алған жас буын экономиканы дамытуға, заманауи мемлекет құруға, жемісті еңбек етіп, балаларды елжандылыққа тәрбиелеуге белсене атсалысып келеді.
Бейбітшілік жолындағы бейнетті жылдарда көрсеткен батырлықтарыңыз үшін, алаңсыз бүгініміз бен ашық аспанымыз үшін сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. От пен оқтың ортасында жарқын болашақ үшін жан аямай күрескен ерлік шежірелеріңіз қашанда отансүйгіштіктің жарқын бейнесі болып ғасырдан ғасырға жете бермек.
Сіздерді Ұлы Жеңіс Күнімен тағы да құттықтаймын.
Отан қорғаушыларға мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына бақ-береке тілеймін! Әрқашан еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!», делінген облыс әкімінің құттықтау сөзінде.