«Еселенген қаржының есебі дұрыс па?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 30 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Еселенген қаржының есебі дұрыс па?» - БАҚ-қа шолу

***

Бүгін еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституция күніне орай Қазақстан халқын құттықтауы жарияланды. Елбасы өз құттықтауында: «Биыл еліміз 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясында көзделген мақсаттарды іске асыруға кірісті. Соның ең бастысы - Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі. Стратегияның барлық мақсаттарына қол жеткізу қазақстандықтардың бірлігі мен Конституция қағидаларын мүлтіксіз орындау негізінде ғана мүмкін болмақ. Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау - әрбір азаматтың құрметті парызы және қасиетті міндеті. Барша қазақстандықтарға игілік пен бақ-береке тілеймін! Біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасы нығайып, дами берсін!», - дейді.

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының, жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексі мен Қылмыстық-атқару кодексі жаңа редакциясының жобаларын қарауға арналған кеңес өткізді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Жемісті реформалар жүргізу жалғасады» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. «Қазақстан халқына былтырғы Жолдауымда құқық қорғау жүйесіне реформа жүргізу, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының, жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексі мен Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясының жобаларын әзірлеу туралы тапсырма берген едім. Жыл бойы тиісті жұмыс жүргізілді. Енді біз әзірленген жобаларды қарап шығып, оларды Парламентке енгізу жөнінде тапсырма беруіміз қажет», - деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес барысында Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекстерінің жобалары бойынша жасаған баяндамасында Бас прокурор Асхат Дауылбаев жобаларда қылмыстың барлық жаңа түріне қарсы тиімді күрес жүргізу үшін негіз қаланғанын, балалар мен жеткіншектердің құқықтары мен бостандықтарына кез келген озбырлық көрсетушіліктің қатаң жазаланатынын баса айтты.

***

«Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков аграрлық салаға құйылатын инвестиция келесі жылдан бастап төрт есеге ұлғаяды деген қуанышты хабар таратты. Осымен бір мезгілде ауыл шаруашылығындағы ағайынның техникасы жаңартылады деген сөз де айтылды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Еселенген қаржының есебі дұрыс па?» деген тақырыптағы мақалада. Басылымның жазуынша, Асылжан Мамытбеков әлгі ақшалар пайдаланылатын 14 мастер-класс дайын дейді. Ал ол не екені белгісіз. Бір өкініштісі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің үмітті деп атап жүрген істерінің бірде-бірі жайлы толық мағлұматымыз жоқ. «Себебі жалғыз, министрлік жариялылық деген еліміздің басты ұстанымына керағар бағытта жұмыс істейтіндей. Әрине, біз министрлік бекіткен жобалардың ғылыми-негізді және нәтижелі болып шығуына тілектеспіз. Ал егер олар күткендегідей нәтиже бермей жатса, мемлекет жұмсаған мол қаражат үшін кім жауап береді? Бұл сұрақты біз мақсатты түрде қойып отырмыз. Өйткені дәл осы салаға Президентіміз ерекше қамқорлық жасап, содан бергі кезең ішінде қыруар қаржы жұмсалып келеді. Тұшынатындай нәтиже жоқ. Министрлер бірі келіп, бірі кетіп жатады. Атқарған істерінің нәтижесіздігіне жауап берген адам және жоқ. Қазақстан болса далиған құнарлы далада отырып, өз халқын етпен, сүтпен қамтамасыз ете алмай келеді. Міне, гәп неде?», - деп жазады басылым.

Қазақ тілінде оқытатын мектептер де, жоғары оқу орындары да көбейгендіктен, бұл үрдіс аталған білім ордаларында ғылым-білімді қазақ тілінде оқытуды алғы шепке шығарды. Ал ол үшін, ең алдымен, қазақ тілінде жазылған оқу-әдістемелік, ғылыми-көпшілік әдебиет, әсіресе, оқулықтар керек екені бесенеден белгілі. Мемлекет тарапынан бұл іске барынша қолдау көрсетілетіні аз айтылып жатқан жоқ. Айтылуы өз алдына, министріміздің мәліметі бойынша бұл мақсатқа қомақты қаржы да бөлініпті. Ендігі мәселе, сол қолдауды, сол қаржыны қалай тиімді пайдаланамыз деген сауалға тіреледі. Бұл тұрғыда біздің елде әлі де болса ескі жүйеден мұра болып қалған «дәстүр» өзінің «итжандылығын» көрсетуде десек, шындықтан алыстай қоймаспыз. Бұл жайттарды «Айқын» газеті әңгімеге тартқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры И.Төленбек пен Абай атындағы ҚазҰПУ-дің кафедра меңгерушісі, профессор Ш. Балғынбеков кеңінен тарқата айтып берген. Мақала «Қазақша оқулыққа қандай талап қажет?» деген тақырыппен берілген.

Алма-Арасан шатқалында жасөспірім жартастан құлап кетті
Ұқсас жаңалықтар

Алма-Арасан шатқалында жасөспірім жартастан құлап кетті