Есеп комитеті 2009 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті Парламентке ұсынды
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Үкіметтің есебі бойынша қорытынды болып табылатын 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін ҚР Парламентіне ұсынды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Есеп комитетінің есебі ҚР Конституциясының 53-бабына сәйкес Парламент палаталарында қаралып, палаталардың бірлескен отырысында бекітуге енгізілетін болады. Есептің бірінші бөлімінде республикалық бюджеттің атқарылуына талдау жасалған. Осы бөлімде кірістердің түсімдері, шығындардың атқарылуы, бюджеттік кредиттердің пайдалануы мен өтелуі, мемлекеттің қаржы активтерінің сатып алынуы мен сатылуы, бюджеттің тапшылығы мен оны қаржыландырудың көздері жөнінде талдау деректері келтірілген.
Екінші бөлімде «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңы баптарының бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкес атқарылуына, сондай-ақ республикалық бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің атқарылу тиімділігіне баға берілген.
Республикалық бюджеттің жалпы алғанда экономикаға және мемлекеттік, сондай-ақ салалық бағдарламаларды, инвестициялық жобаларды іске асыру, бюджеттік кредиттер мен нысаналы трансферттерді беру, сондай-ақ мемлекеттің қаржы активтерін пайдалану арқылы экономиканың жекелеген салаларына тигізген әсеріне талдау жасалынды.
Экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыруға, сондай-ақ «Жол картасын» іске асыруға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне баға берілген.
Үшінші бөлім бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін басқару тетіктерінің тиімділігін арттыру жөніндегі Есеп комитетінің тұжырымдары мен ұсыныстарын қамтиды.
Есеп комитеті Бюджет кодексінің 141-бабына сәйкес, өзінің мазмұны жағынан Үкіметтің есебі бойынша қорытынды болып табылатын республикалық бюджеттің атқарылуы туралы өткен қаржы жылының есебін мамырдың 15-іне дейін ҚР Парламентіне ұсынады.