Есеп комитеті қаржылық ресурстардың қолжетімдігіне қатысты ұсыныстар енгізді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі республикалық бюджеттің жоспарлы параметрлерін орындады. Бұл туралы Парламент Сенатында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Нұрлан Нұржанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланды.
«2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебіне Есеп комитетінің қорытындысы Парламент Сенатының барлық комитеттерінде талқылаудан өтіп, қолдау тапты. Қорытынды аясында республикалық бюджеттің атқарылуының макроэкономикалық жағдайларына талдау мен бағалау жасалды. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне бюджеттің бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуына бағалау жүргізілді. Оның үстіне, 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың нысаналы индикаторларының қолжетімділігі алғаш рет аймақтарды дамыту бағдарламаларының деңгейінен бастап қарастырылды. Жағымды макроэкономикалық ахуал 2018 жылы бюджеттің негізгі параметрлерінің атқарылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Дегенмен елдің одан әрі ілгері дамуында тәуекелдер байқалатыны Сіздерге белгілі болып отыр», - деді Н. Нұржанов.
Оның сөзіне қарағанда, экономиканың шикізаттық тәуелділігі сақталуда. Банк секторының жағдайы әлсіздеу, тіпті банктердің орнықтылығы индикаторы бойынша халықаралық рейтингтерде Қазақстан позициясының нашарлауы байқалуда. Осының барлығы экономиканы қажетті қаржы ресурстарымен, әсіресе, ұзын ақшамен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру үлесі қысқарып отыр.
«Осыған қарай Есеп комитеті ел экономикасының мұнай-газ секторына тәуелділігін төмендету және оны одан әрі әртараптандыру мақсатында өңдеу секторына инвестициялар тарту бойынша белсенді саясат жүргізуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, инфляцияны тежеуге қатысты шараларды атқару кезінде экономиканың қарқынды өсуі үшін қаржылық ресурстардың қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатына алдағы уақытта ақша-несие саясатын жеңілдету мүмкіндіктерін қарастыру маңызды», - деді Нұрлан Нұржанов.
Есеп комитетінің бағалауынша, Үкімет республикалық бюджеттің жоспарлы параметрлерін орындады. Дегенмен бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін резервтер бар. Шоғырландырылған бюджеттің салықтық түсімдері құрылымын талдау барысында бюджеттің экономиканың шикізат секторына тәуелділігінің күшейгенін көрсетіп отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджеттің көлеміндегі әлеуметтік шығыстардың үлесі артқанын айтты.