Есеп комитеті Көлік және коммуникация вице-министрі Д. Көтербековті және Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы З. Сағыновты кызметінен босату жөнінде Үкіметке ұсыныс берді

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі Автожол саласын дамытудың 2006-2012 жылдарға арналған бағдарламасы тиімсіз жүзеге асырылған.
None
None

Осыған орай, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Көлік және коммуникация вице-министрі Д. Көтербековті және Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы З. Сағыновты кызметінен босату жөнінде Үкіметке ұсыныс берді. Бұл туралы ҚазАқпарат Комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«2006-2009 жылдары бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған бюджет қаржысы және заемдық қаражатты пайдалану кезінде 10,5 млрд. теңге заң талаптарын бұза отырып жұмсалған. Бақылау барысында жол жұмыстарының сапасыз орындалғаны, жекелеген жұмыстардың жобалау-сметалық құжаттамаға сай жүргізілмегені анықталды. Сонымен бірге техникалық нормалар мен ережелердің бұзылуына жол берілген. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін автожолдар іріктелген кезде олардың экономикалық негізделген өлшемдері болмаған. Бұдан бөлек, бағдарламаны іске асыру кезінде жөндеу жұмыстарының мерзімі мен көлемі республикалық және жергілікті автожолдар бойынша жоспарланған көрсеткіштерге сай келмеген. 2006-2009 жылдары республикалық маңызы бар автожолдарды салу және қайта жаңарту кезінде 560 шм жолдың және күрделі жөндеу кезінде 3294 шм жолдың жұмыстары орындалмаған», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сонымен бірге, Есеп комитетінің тексерулеріне сүйенсек, ел аумағы бойынша ірі габаритті және ауыр жүк тиелген автокөліктердің өтуіне көлік бақылауы тұрақты жүргізілмеген екен. Бұл өз кезегінде, салынған және жөнделген жол жабындарының мерзімінен бұрын бүлінуіне әкеп соққан. Мәселен, Атырау және Ақтөбе облыстарында қайта жаңартылған учаскілердің 225 шм автожолында жүк автокөліктерінің бақылаусыз өтуіне жол берілген. Осының салдарынан, жол жабыны бүлініп, оны жөндеуге жұмсалған 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттің автожолдарды салу немесе кеңейту жөніндегі шешімдері туралы ақпаратты теріс пиғылда пайдалану жағдайы да кездескен. Осы тұрғыда автожол саласындағы жобаларды іске асыруға кажетті жер телімдерін мемлекеттік кадастрлық бағамен сатып отырған фактілер де анықталған. Ал кейіннен осы жер учаскелерін меншік иелерінен нарықтық бағамен сатып алуға тура келген, сөйтіп республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобалардың құны қымбаттап кеткен.

«Есеп комитеті Үкіметке автокөлік саласындағы жаңа бағдарламалық құжаттарды бекіткен кезде салалық бағдарламаны іске асыру нәтижелерін ескеруді ұсынады. Сонымен қатар, Үкіметке Автожол саласын дамытудың 2006-2012 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру барысында бюджет қаражатын пайдаланудағы жол берген өрескел олқылықтары мен кемшіліктері үшін Көлік және коммуникация вице-министрі Д. Көтербековті және Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы З. Сағыновты кызметінен босату жөнінде ұсыныс берді. Бұдан басқа, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында автомобиль жолдарын салуға арналған отандық жол-құрылыс материалдары өндірісін дамытудың қажеттілігіне назарын аударады. Қаржы министрлігіне Көлік және коммуникация министрлігінің автожол саласын дамытуға жыл сайынғы шығындарды жоспарлауы кезіндегі есептерінің орындылығы мен анықтығына бюджеттік өтінімдерінің сәйкестігін қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ Қаржы министрлігіне мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу нәтижесінде балансқа алынатын жабдықтар мен материалдарды есепке алуды, сақтауды және өткізуді жетілдіру жөнінде шаралар қолдану ұсынылды», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Соңғы жаңалықтар