Есеп комитеті мен Мәжіліс депутаттарының делегациясы Латвияға сапарында елдің Мемлекеттік бақылау органында болады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сапар аясында делегация Латвия Республикасының мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің құқықтық негізін зерделеп, Латвияның Мемлекеттік бақылауының құрылу тарихымен, өкілеттігімен, құрылымымен, оның ұйымдастырылуымен танысады. Сәйкестікке, қаржылық есептілік пен тиімділікке бақылау жүргізудің әдістемелік қырлары қарастырылатын болады. Сонымен қатар, Латвияның Мемлекеттік бақылауындағы басқару жүйесімен, сол секілді тәуекелдерді басқару жүйесімен танысу жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, қазақстандық делегация Латвияның жоғары қаржы бақылау органы мен Парламентінің өзара іс-қимылдарының тәжірибесін зерделейді. Аталған сапар барысында Латвияның қаржы министрлігінде елдің бюджет жүйесімен танысу және Латвияның жоғары қаржы бақылау органының ұсыныстарын іске асыру жөнінде Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік бақылау арасындағы қарым-қатынас мәселерін талқылау жоспарлануда.
Бұл шара Қазақстанның Есеп комитеті мен Латвияның Мемлекеттік бақылау ведомствосы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде өтеді. USAID-тың экономикалық реформалар арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру жобасы қазақстандық делегацияның Латвияның Мемлекеттік бақылауына жасайтын сапарына техникалық қолдау көрсетіп отыр.
Латвияның Мемлекеттік бақылау ведомствосы - осы елдің жоғары қаржы бақылау органы болып табылады.