Есеп комитеті Су ресурстары комитетін нақты жағдайды бұрмалап көрсетті деп айыптауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетін нақты жағдайды бұрмалап көрсетті деп айыптап отыр. Осыған байланысты Есеп комитеті арнайы мәлімдеме таратты.

Есеп комитеті Су ресурстары комитетін нақты жағдайды бұрмалап көрсетті деп айыптауда

Еске салсақ, бұған дейін Есеп комитеті су шаруашылығын дамытуға бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылау қорытындысын шығарған болатын. Онда Су ресурстары комитетінің функциялары ведомстволық бағынысты ұйымына («Қазсушар» РМК) берілгені, су шаруашылығы объектілерін салу мен күрделі жөндеу бойынша жұмыстардың орындалуына бақылау жүзеге асырылмағаны айтылған еді. Бұдан бөлек, Есеп комитеті анықтаған бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтарының жалпы сомасы 73,1 млрд.теңгені құраса, 3,1 млрд. теңге қаражат тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болған. Сонымен қатар, Комитетте бухгалтерлік есептің іс жүзінде жүргізілмейтіні, бухгалтердің функциясы тиісті біліктілігі жоқ қызметкерге жүктелгені көрсетілген болатын.

Алайда, Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев алқа мәжілісі барысында бұндай бұзушылықтардың біразын теріске шығарды. Оның айтуынша, бұзушылықтар анықталған сома 73 млрд. теңге болғанымен, оның басым бөлігі формальды ережелерге байланысты туындаған.

Дегенмен, Су ресурстары комитетінің төрағасы жасаған осы мәлімдемеден оң, Есеп комитеті И. Әбішевтің сөздері бір-біріне қайшы келетінін алға тартты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің 14 желтоқсанда өткен жиында жасаған мәлімдемесі мен түсіндірмесі оның 10 желтоқсанда Есеп комитетінің отырысында берген түсіндірмелеріне қайшы келеді. Мәселен, Ислам Әбішев пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаевтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен анықталған бұзушылықтардың себептеріне түсінік беру кезінде бұзушылықтардың барлық фактісін мойындап, оларды жою және алдағы уақытта жол бермеу жөнінде растап айтқан болатын. Осыған орай, Есеп комитеті анықтаған барлық бұзушылық фактілері құжаттармен расталған, осыған байланысты, көрсетілген мәлімдемелер мен түсіндірмелер дұрыс емес, орынсыз және шын мәніндегі жағдайды бұрмалап көрсеткен деп есептейді. Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтардың 9 фактісі бойынша бақылау материалдары құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарға жіберілетінін атап өтеміз», - делінген мәлімдемеде.