Есеп комитетінің мамандары USAID жобасының тренингіне қатысады
АСТАНА. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Шілденің 20-24-і аралығында Астанада Есеп комитетінің және мәслихаттардың тексеру комиссияларының мамандарына арналған
USAID-тың экономикалық реформалар арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру жобасының (EREC жобасы) «Тиімділік аудитінің практикалық аспектілері» атты тренингі өтеді.
Жұмыс семинар форматында өтетін тренингіде мемлекеттік қаржы ресурстарын басқарудың нәтижелілігін, өнімділігін және үнемділігін арттыруға бағытталған тиімділік аудитінің негізгі аспектілері қаралады. Тиімділік аудитінің ауқымын, кезеңдерін және басымдықтарын жоспарлау, анықтау мәселелеріне назар аударылады. Аудиттың қорытысынды бойынша ұсыныстарды әзірлеу және оларды іске асыру жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тренингіде мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының орындалуын бағалау кезінде тиімділік аудитінің нұсқаулықтары ұсынылатын болады. Қатысушыларға сертификаттар тапсырылады.
Есеп Комитеті ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғарғы органы болып табылады. Республикалық бюджетті орындаудағы сыртқы бақылау мен бағалауды, гранттың пайдаланылуын, мемлекеттік активтерді, мемлекет кепілдеме берген займдар, мемлекеттік мекемелер қарамағындағы олардың сатқан тауарлар қаражаты (жұмыс, қызмет) сияқты істерді жүзеге асырады.