Есептен шығару куәлігін 5 мыңнан астам азамат алған

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 5201 адам референдум күні тіркелген мекенжайынан басқа өңірде дауыс береді. Бұл жөнінде ҚР Орталық референдум комиссиясы мәлімдеді. 

референдум
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Есептен шығару куәлігі Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында көп алынған. Алайда бұл сан әлі де өседі. Өйткені, аталған құжатты 14 наурыз сағат 18:00–ге дейін алуға мүмкіндік бар, — деді ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 12 461 796 дауыс беруші тіркелген. Заң бойынша, осы саннан 1% артық бюллетень әзірленеді. Демек, 12 586 414 бюллетень болмақ. Артық бюллетеньдер есептен шығару куәлігін алғандар мен учаскеге 1 тәулікке тіркелгендер үшін қарастырылған.