18:37, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Есептеу және ақпараттық технологиялар бойынша Ресей-Қазақстан жұмыс тобының отырысы өтеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда 16-18 наурыз күндері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Ресей-Қазақстан жұмыс тобының есептеу және ақпараттық технологиялар бойынша мәжілісі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл басқосудың мақсаты ақпараттық технологиялардың даму жетістіктері мен келешегін талқылау, ғылыми байланыстарды нығайту және ғылыми зерттеулерде ақпараттық технологияларды қолдануды кеңейту болып табылады. Халықаралық жиынды ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, Новосібір мемлекеттік университетінің, РҒА СБ Есептеу технологиялар институтының, Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Математика және механика ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырып отыр. Отырыс ҚазҰУ 75 жылдық мерейтойын атап өту бойынша тағайындалған іс-шаралар бағдарламасының аясында өтпек. Жиын, сондай-ақ белгілі қазақ математигі Шалтай Смағұловтың 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылады. Ол қазақстандық және ресейлік ғалымдар арасында ынтымақтастықты нығайтуда белсенді істер атқарған.