ESG стандарттары мемлекеттік органдарды қызмет ашықтығын арттыруға ынталандырады - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда ESG стандарттарын мемлекеттік басқаруға енгізу бойынша жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «Астана» Халықаралық қаржы орталығында өтіп жатқан ESG Investment Forum барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, ESG қағидаттарына тек қаржы секторы ғана емес, мемлекеттік басқару саласы да ұмтылуы керек.

«Қазақстанда ESG стандарттарын мемлекеттік басқаруға енгізу бойынша жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Болашақта бұл мемлекеттік органдарды өз қызметінің әлеуметтік салаға және қоршаған ортаға әсер ету нәтижелерінің ашықтығын арттыруға ынталандырады», - деді Ә. Қуантыров.

ҰЭМ басшысы қазіргі уақытта Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасы пысықталып жатқанын айтты. Министр мүдделі тараптардың пікірлері ескерілетінін жеткізді. Құжатты алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға толық сәйкестендіру үшін ауқымды жұмыс жүргізілуі қажет.

«Стратегияда жұмыс орындарын құруға және көміртегі бейтараптығына әділ көшуге ерекше назар аударылады. Бұл ретте экономикалық дамудың жаңа моделі климаттың өзгеруіне тұрақты болуы тиіс», - деп атап өтті министр.

Стратегия экономиканың көптеген әлеуметтік аспектілерін қамтитынын ескере отырып, әсіресе климаттың өзгеруіне осал салаларда халық пен бизнесті қолдау тетіктерін әзірлеу қажет. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы мен көмір өнеркәсібін.

Сондай-ақ, министр биыл Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша екінші Ерікті ұлттық шолуды таныстырғанын еске салды. Оның басым бағыттары: «Кедейлікті жою», «Жақсы денсаулық және амандық», «Таза су мен санитария» және «Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу».

Айта кетсек, ESG стандарттары қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды, жоғары әлеуметтік жауапкершілікті және корпоративтік басқаруға қойылатын сапалы талаптарды қамтиды. Кейінгі жылдары бұл қағидаттарды халықаралық қаржы ұйымдары инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде критерий ретінде жиі ескереді және әлемдік қаржы нарықтарына қол жеткізу дәрежесіне әсер етеді.



Фото : gov.kz




Соңғы жаңалықтар