Елде ешқандай қауіп жоқ - Қатар Ішкі істер министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Қатардың Ішкі істер министрлігі ел астанасындағы жарылыстардан кейін мәлімдеме таратып, барлық арнайы қызметтер өз міндеттерін атқарып жатқанын және ешқандай қауіптің жоқ екенін жеткізді. Бұл туралы Kazinfrom агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
- Ішкі істер министрлігі осыған дейін Дохадан естілген жарылыс дыбысы ХАМАС-тың штаб-пәтерлерінің біріне жасалған соққыдан шыққанын хабарлайды. Министрлік барлық арнайы қызметтердің өз міндеттерін орындап жатқанын, жағдайдың қауіпсіз екенін мәлімдейді және ақпаратты тек ресми көздерден алуға шақырады, - деп хабарлады Қатардың Ішкі істер министрлігі X әлеуметік желісінде.
Өз кезегінде Қатар әуе желісі Дохада болған оқиғалардың компания жұмысына ешқандай әсер етпегенін хабарлады.
- Дохада болған оқиғалар Қатар әуе желісінің жұмысына ешқандай әсерін тигізген жоқ. Жұмыс әдеттегідей жүріп жатыр. Жолаушылардың қауіпсіздігі қашанда біздің басты басымдығымыз болған және бола да береді, - делінген әуе тасымалдаушысы таратқан хабарда.
Осыған дейін Қатар астанасында жарылыс болғаны туралы жаздық.
Израиль Доха шабуылы үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алды.