«Ешқандай қобалжу жоқ»: Мектеп оқушылары мен ата-аналар Pfizer вакцинасы жайлы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда мектептерінде оқушыларды коронавирусқа қарсы Pfizer препаратымен вакциналау жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Ешқандай қобалжу жоқ»: Мектеп оқушылары мен ата-аналар Pfizer вакцинасы жайлы

«Бүгін коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын аламын. Аздап қобалжығаным рас. Бірақ екпенің көмегімен пандемия жағдайына қарамай көшеде емін-еркін жүре алатынымды білемін. Екпе алмаған балаларға қарағанда көбірек мүмкіндікке ие боламын және ауырып қалудан қорықпаймын», - деді мектеп оқушысы Ольга Бутакова.

Оқушының анасы Юлия Бутакова КВИ-ге қарсы екпені кезексіз алу мүмкіндігі берілгеніне қуанышын жасырмады.

«Бүгін Pfizer вакцинасын аламын. Бұл өз денсаулығымды болашақта қауіпсіз етеді деп санаймын», - деп өз ойымен бөлісті оқушы Динара Амангелді.

Өз кезегінде ата-аналар балаларға вакцина салу процесін бақылауға мүмкіндік берілгеніне алғыс айтты.

«Балам Pfizer екпесін алады. Вакцинация мектеп қабырғасында өтіп, оған ата-аналардың қатысуына мүкіндік бергеніне ризамын. Pfizer вакцинасына сенемін, сондықтан қорықпаймын», - деді Әсемгүл Әбдіхалықова.

Сынып жетекшісі Зейнеп Істемесованың айтуынша, өз оқушыларының екпе алуы өзге балаларға қорқынышты жеңуге үлгі болады.

«Сыныбымдағы оқушылар бүгін вакцинациядан өтіп жатыр. Бұл - баланың денсаулығы үшін маңызды деп есептеймін. Екпе алғандар COVID-19 вирусын жұқтырғанның өзінде ауруды жеңіл өткізеді. Оқушыларымның екпе алуы өзгелерге үлгі болады», - деді ол.

Айта кетейік, елордада жүкті, бала емізетін әйелдерді және балаларды Pfizer препаратымен вакциналау 15 қарашада басталды.