Ешкім ата-ананы баласымен жүргені үшін арбасын жинауға мәжбүрлей алмайды - министр
АСТАНА. KAZINFORM - Ешкім ата-ананы кішкентай баласымен жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды. Көлік министрі ретінде қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды.
Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР ПРемьер-министрінің орынбасары - Көлік министрі Әсел Жанасова мәлім етті.
-Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескере отырып, екіұшты түсіндіруге жол бермеу, сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті ережелерді қайта қарауға жіберу туралы шешім қабылдадым,-деді министр.
Бұған дейін министрлік балалар арбасымен автобустарға кіруге тыйым салынғаны туралы таралып жатқан мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейтінін жазған болатын.
Яғни, қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балалар арбасымен қоғамдық көлікте жүруіне тыйым салмайды.
Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда, ата-анаға арналған бос орын болған кезде балалар арбасын жиналған күйде алып жүру көзделген. Бұл ретте арба жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс.
Аталған талап жолаушылардың, оның ішінде балалар мен оларды алып жүретін ата-аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ автобус салонындағы еркін өту жолын сақтауға бағытталған.
— Егер ата-анаға балалар арбасын жинау қолайсыз болса, ол сапарын арбаны жайылған күйінде жалғастыра алады. Бұл ретте айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе өзге де санкциялар қолдану көзделмеген, — делінген хабарламада.