Есік ұрлаған өскемендік видеоға түсіп қалған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде подъез есіктерін ұрлауды кәсіп еткен күдікті ұсталды. Дәніккен жігіт кезекті «олжасын» тапа-тал түсте арқалап бара жатқан жерінен бақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есік ұрлаған өскемендік видеоға түсіп қалған

«Өскемен қаласының ішкі істер басқармасына қарасты Ертіс бөлімінің криминалды полиция қызметкерлері көпқабатты үйлердің подъез есіктерін ұрлап келген 24 жастағы жігітті қолға түсірді» - делінген облыстық  ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі  таратқан ақпаратта.

24-26 қаңтар күндері Өскеменнің Қазақстан және Мызы көшелеріндегі көпқатбатты үйлерден төрт бірдей металл есік ұрланған болатын.  Күдіктінің есікті ұрлаған әрекеттері көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Сол видеоның көмегімен күдіктінің ізіне түскен сақшылар ақыры оны қолға түсірді.  Ол есіктерді металл ретінде өткізіп отырған. Полиция қызметкерлері есіктің бәрін орнына қайтарды. 

Оқиға тергеліп жатыр.