Есіл өзенінде конькимен сырғанаудан бұқаралық жарыс өтті

Дене шынықтыру, спорт және салауатты өмір салтын дамыту мен оны насихаттау "Астана Конвеншн Бюроның" ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты болып табылады. Есіл өзені айдынында өткен Red Bull Ice Baiga жарысына 120-дан астам қала тұрғыны мен қонақтары қатысты.
«Ер азаматтар мен әйелдер ұзындығы 500 метр болатын тректі екі мәрте бағындырды. Аязды ауа райына қарамастан қатысушылармен бірге келген жанкүйерлер жақсы қолдау көрсете білді. Жарысты көтеріңкі көңіл-күй биледі», - дейді ұйымдастырушылар.
Үшінші орын иегері 20 000 теңгелік, екінші орын жүлдегері 30 000 теңгелік және бірінші орын иегері 50 000 теңгелік сертификаттармен марапатталды. Сондай-ақ жеңімпаздардың барлығына кубоктар табыс етілді.
Айта кетейік, Red Bull Ice Baiga жарысы Астанада алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастырылады деп жоспарлануда.