Есіл өзенінде вокзал ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылы елорданың Есіл өзенінде вокзалы пайда болады. Сондай-ақ өзендегі такси қызметін де іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.
«2008 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес «Есілдегі кеме арнасын дамыту» жобасы әзірленді. Бүгінде аталған жоба үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Соның бірі - Есілдегі кемежай, яғни өзен вокзалын ашу. Қазіргі күні кемежай құрылысының нақты орны белгіленді, ол Ш.Бейсекова көшесінің төменгі жағында болмақ», - деді Астана әкімдігінің медиа орталығының тілшісіне берген сұхбатында «Астана Есіл» МКК директоры Қанат Алин.
Оның айтуынша, өзен вокзалы порттық крандармен, блоктармен және қажетті шеберханалармен жабдықталады.
«Сондай-ақ 2015 жылы шілдеде Есіл өзені Қазақстанның кеме жүзетін өзендерінің тізіліміне енгізілді. Сондықтан, біз бұл жаңалықпен мақтана аламыз. Жобаның тағы бір мақсаты - Есіл өзенінде қатынайтын өзен таксиін қолданысқа енгізу. Сыйымдылығы 8 адамдық шағын кемелер жолаушыларды Есіл өзенінің акваторийі шеңберінде қалаған жеріне жеткізетін болады», - деді ол.