Есілде кемелер маусымы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақ бұйра толқыны жарды ұрып, есіп аққан Есілдің жағасы ерекше сұлу бүгін. Самал желдің сыбдырымен әуелеген оркестр сыңғыры келушілерді салтанатпен қарсы алып жатты. Мүлгіген тыныштықты сейілткен бұл шара новигация маусымының басталғанын білдіреді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Биыл Германиядан «Есіл» атты су жаңа кеме алдырдық. Онда тамақтануға да мүмкіндік жасалатын болады. Өте сапалы. Сыйымдылығы 75 адам», - деп жаңашылдығымен бөлісті «Есіл Астана» МКҚК директоры Қанат Алин. Қала тұрғындары ғана емес, елорда қонақтары да Есілге соқпай кетпейді. Қаланы аралап, өзінше бағалап қайтады. Мүгедек балаларға арналған интернат үйінің тәрбиеленушілері мен ҰОС ардагерлері кеменің алғашқы жолаушылары болды. Олар үшін тегін саяхат ұйымдастырылып, сыйлықтар үйлестірілді. Жалпы, 2013 жылғы новигация маусымында 24 мың адам тасымалданған. Бүгінгі таңда Есіл өзеніндегі кеме жүзу бағдарының ұзындығы 9 шақырым. Алдағы уақытта ұзындығын Тельман елді мекеніне дейін созу жоспарда бар. Кәсіпорын флотында 8 кеме қызмет көрсетуге дайын. Оның ішінде сыйымдылығы 69, 60, 32 және 45 адамдық 5 жолаушылар кемесі, сонымен қатар құтқару катерлері мен сүйреуіш кемелер бар. Ал, билет құны қалта көтерімді. Ол 7 жастан асқан балалар үшін 400 теңге, ересектерге 800 теңге. Жалпы, биыл моторлы кемелердің Есіл өзеніне шыққанына 6 жыл. Новигация маусымы қазан айының ортасына дейін жалғасады.