Есілге мұнай төккен Астана әуежайы 13 млн. теңгеден астам айыппұл төлейді - Прокуратура

АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - «Астана халықаралық әуежайы» АҚ Есіл өзеніне төгілген мұнай үшін 13 млн. теңгеден астам айыппұл төлейтін болады. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Есілге мұнай төккен Астана әуежайы 13 млн. теңгеден астам айыппұл төлейді - Прокуратура

«Есіл өзеніне әуежай құбыры арқылы мұнай өнімінің төгілуіне қатысты Астана қалалық авиациялық көлік прокуратурасы «Астана халықаралық әуежайы» компаниясының экологиялық заңнама талаптарын орындауына тексеріс жүргізген болатын. Сонымен қатар, прокуратураның талап етуіне орай, әуежай мұнай өнімінің төгілу себептері мен оның салдарын жоюға, су мен топырақты тазартуға бағытталған жұмыстарды қолға алды. Бұдан бөлек, осы мәселе аясында прокуратура тарапынан «Астана халықаралық әуежайы» АҚ екі лауазымды тұлғасына заң бұзушылықтарды жою үшін 2 ұсыныс берілсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылған 1 заңды және 6 лауазымды тұлғаға 199 мың теңгеден астам сома көлемінде әкімшілік айыппұл салынған», - делінген баспасөз баянында.

Сонымен бірге, прокуратура тарапынан қозғалған әкімшілік іс бойынша экологиялық заңнаманы бұзғандығы үшін «Астана халықаралық әуежайы» АҚ-на 13 млн. теңгеден астам айыппұл салынып отыр.