Есірткі көбінесе тексеруге жатпайтын жүк көліктері, темір жол вагондары арқылы тасымалданады -Б. Мұхаметжанов
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ресейлік әріптестердің пікірінше, Ауғанстан есірткісінің негізгі бөлігі оларға солтүстік бағдар бойынша тасымалданады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҰҰ мәліметі бойынша Ауғанстан есірткісі үш бағыт бойынша тасымалданатынына тоқталған министр, «негізгі бөлігі Иран арқылы, Пәкістан, сондай-ақ солтүстік бағыт бойынша, яғни Орталық Азия аймағы мен Қазақстаннан өтеді», - деді. Өндірілген 5-тен 15 пайызға дейінгі есірткі соңғы бағыт арқылы тасымалданатын көрінеді.
«Есірткі көбінесе пломба қойылған үлкен жүк автокөліктері, темір жол вагондары арқылы тасымалданады және халықаралық ереже бойынша оларды тексеруге болмайды. Көбінесе есірткілік заттар ауыл шаруашылығы тауарларына жасырылып тасымалданады. Халықаралық келісімдер бойынша біздің бақылау органдарына Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін осындай жүктерді тоқтатып, тексеруге тыйым салынған», - деді Бауыржан Мұхамеджанов.