Есірткі қылмысымен күрес күшейіп келеді ? апталық брифинг

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Соңғы аптада, яғни сәуірдің 20-сы мен 26-сы аралығында республикада 1 мың 800-ден астам қылмыс жасалып, оның 1 мың 434-нің ізі суымай ашылды. Сондай-ақ іздеуде жүрген 75 күдікті қолға түсіп, 4 атыс қаруы тәркіленді.

Есірткі қылмысымен күрес күшейіп келеді ? апталық брифинг
Бұл мәліметтерді бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли журналистермен болған брифингте жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, соңғы уақытта полиция қызметкерлерінің есірткімен байланысты қылмыстарды анықтаудағы белсенділігі байқалып отыр. Соңғы аптада бұл бағытта 200-ге жуық қылмыс анықталса, олардың 80-і есірткіні саудалауға қатысты болған. «Тәртіп сақшылары өткен аптада елордада бір есірткі саудалаушыны қолға түсіріп, оның үйін тексеру кезінде 5 килә героин тапты. Сондай-ақ полицейлер Қостанай қаласында «Ауди» автокөлігі жолаушылардың бірінен 90 килә марихуана тәркіледі», - деді департамент бастығының орынбасары. Республикада жүргізілген ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес шараларының барысында 18 қылмыстық іс қозғалып, ұйымдасқан топтың 1 жетекшісі мен 6 мүшесі ұсталған. «Осындай топтардың бірін тәртіп сақшылары Батыс Қазақстан облысында құрықтап, тексеру кезінде 2 атыс қаруы мен 11 оқ тапты», - дейді Е.Уәли.