Есірткі мафиясымен байланысқан полицей темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай қаласы №2 сотта криминалдық полиция бөлімінің  бұрынғы қызметкері Әмір Түлкеновке үкім шықты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Есірткі мафиясымен байланысқан полицей темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты

Түлкенов есірткі мафиясымен тығыз байланыста болғаны үшін жауапкершілікке тартылып, сотталған ішкі істер органдарындағы 17-ші қызметкер. Бұл іс бойынша сот Қостанайда 2014 жылдан бастап жүріп жатыр.

Сотта Түлкеновтің 2012 жылы бірнеше ай ішінде есірткі сатушылардың ақшасын, есірткісін пайдаланғаны дәлелденді.

Сотталушы айыптаудың бірде-бір тармағына дауласқан жоқ. Ол жазасын жеңілдетеді деген үмітпен өз кінәсін толықтай мойындады. Сот Түлкеновтің жас баласы мен жүкті әйелі болуына байланысты жұмсартатын мән-жайларды ескерді. Алайда оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сотталушы жалпы режімдегі колонияда жазасын өтейді. Қосымша жаза ретінде сот оған құқық қорғау органдарында 6 жыл жұмыс істеуге тыйым салды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.