16:09, 28 Тамыз 2015 | GMT +5
Есірткі мен сирек кездесетін жануарлар контрабандасы үшін сотталған 5 қазақстандық елге жеткізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау мақсатында есірткі және сирек кездесетін жануарлар контрабандасы үшін әртүрлі жаза мерзімдеріне Қытайда сотталған еліміздің бес азаматы Қытайдан Қазақстанға жеткізілді.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қытай тарапының құзырлы органы сотталғандарды Қазақстанға беру туралы шешімді 2011 жылғы 22 ақпандағы (2013 жылдың 20 қарашасында ҚР заңымен ратификацияланған, ҚХР - 2015 жылдың 1 шілдесінде) Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шартты іске асыру мақсатында және сотталғандардың өтініштері негізінде қабылдаған.
Осы азаматтарға қатысты қытайлық соттың үкімін тану және орындау туралы кепіл ретінде ҚХР-дың құзырлы органдарына қазақстандық соттардың тиісті қаулылары жолданды.
Берілген адамдар жазаларының қалған мерзімдерін Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстанның түзеу мекемелерінде өтейтін болады.