Есірткі саудасымен айналысқан степногорлік 10 жылға сотталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Степногор қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, ер азамат салмағы 58,0 грамм марихуананы заңсыз сақтап, шартты сатып алушыға өткізген. Оның жеке басын және автокөлігін тінту кезінде қағаз түйіншегіне оралған марихуана табылған. Ер азамат барлығы 1002,5 грамм марихуана есірткі затын өткізу мақсатымен заңсыз сақтаған.
«Сот үкімімен ол ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлімінің 3-тармағымен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен қатар, қатаң режимдегi түзеу колониясында 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды», - деп көрсетілген хабарламада.