«Есірткіге тосқауыл» жедел алдын алу іс-шарасы барысында айналымнан 2 келі 737 грамм есірткі заттары алынды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қыркүйектің 13-і күні Көліктегі орталық ішкі істер дептартаментінің қызметкерлері «Есірткіге тосқауыл» жедел сауықтыру іс-шарасының 3-ші кезеңін аяқтады.

«Есірткіге тосқауыл» жедел алдын алу  іс-шарасы барысында айналымнан 2 келі 737 грамм есірткі заттары алынды

Бұл жайлы бүгін журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген КОІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Олжас Жарылғапов баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуына қарағанда, іс-шара қыркүйектің 7-13-і аралығында аталған департаментке қарасты учаскелерде жүргізілген. Шара барысында тәртіп сақшылары 28 қылмыстық іс қозғаса, оның 2-уі есірткі заттарын сатуға, 1-уі контрабандаға қатысты болған. Айналымнан 2 келі 737 грамм әртүрлі есірткі заттары алынды, оның 118 грамы - героин.

«Осы шара барысында Оңтүстік аймақтардан келетін 60 жолаушы пойызына тексеру жүргіздік. Оның барысында 1 есірткі қылмысы мен әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, 40 автокөлік құралы тексерілді», дейді полиция капитаны О.Жарылғапов.