Есірткімен ұсталғандардың ішінде 18 жасар бойжеткен де бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Семей» шекаралық бақылау отрядының «Шемонаиха теміржол» бөлімшесінде 7 қаңтар күні сағат таңғы 05.30-да шекарашылар «Лениногор - Астана» бағытымен кетіп бара жатқан № 376 жолаушылар пойызын тексеру барысында арнайы үйретілген «Мила» атты қызметтік ит №10 вагонның №4 орнынан, жастықтың тысына тығылған гашиш тауып алды.

Есірткімен ұсталғандардың ішінде 18 жасар бойжеткен де  бар

Орын иесі ұсталды, ол 41 жастағы қазақстандық болып шықты, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі. Ұсталған азамат Шемонайха теміржол бекетінің желілік полиция бөліміне тапсырылды.

Табылған есірткі затының көлемі мен салмағы аса көп емес, бар-жоғы 4,89 грамм ғана. Дегенмен, бұл қазақстандық шекарашылардың қырағылығын тағы бір көрсетсе керек.

Осы отрядтың «Ауыл теміржол» бөлімшесінде 9 қаңтарда, сағат 09.50-де дәл осы бағыттағы осы нөмірлі пойыздан тағы да есірткі тасымалдаушы ұсталды. Ол Кристина есімді небәрі 18 жастағы қыз бала болып шықты. Арнайы үйретілген ит айналшықтап бойжеткеннің жанынан шықпай қойғандықтан жеке тексеру жасалынды. Тексеру барысында оның ішкиіміне тігілген, салмағы 15 гр. гашиш табылды. Ол да желілік полиция бөлімшесіне тапсырылды.

Есірткі тасымалдаушыларды ұстаудан соңғы кездері Қостанай шекара отрядының «Қайрақ авто» бөлімшесінің қырағылығын атап өтуге болады. Бүгін түнде, сағат 03.30-да осы бөлімшенің шекара наряды «Рудный - Екатеринбор» бағытымен кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын тексеру кезінде № 41-42 орындардың үстіндегі сөреден марихуана тапты. Бұл есірткінің иесі ретінде тағы да 18 жастағы, бірақ бұл жолы қазақстандық бозбала жігіт ұсталды. Есірткі заты иесімен бірге Қарабалық аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.