Есірткінің заңсыз айналымы бойынша 8 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Шара барысында есірткінің заңсыз айналымы бойынша әкімшілікке 18 лауазымды тұлға тартылса, соның 8-і медицина қызметкерлері. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі баспасөз мәслихаты барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Шараның негізгі мақсаты - медициналық мекемелерде және өндірістік орындарда есірткі және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу. «Бұл ретте 624 субъекті тексерілді. Оның 195-і дәріханалар, 159-ы қоймалар, 164-і емдеу-алдын алу орындары және 106-сы өндірістік кәсіпорындар», - дейді Н. Ораз. Оның айтуынша, жедел алдын алу шарасы барысында есірткінің және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымы бойынша 151 заң бұзушылық анықталған. Ал ондай заттарды есепке алу, сақтау, пайдалану және өткізу тәртібін бұзғаны үшін 11 қылмыстық іс қозғалды. Әкімшілік жауапкершілікке 18 лауазымды тұлға тартылса, оның ішінде 8-і медицина қызметкерлері болып отыр.
«Жедел алдын алу шарасы барысында есірткі дәрілік және психотроптық заттарының 3 мыңнан аса ампуласы және мыңнан аса дәрілер, 280 тоннадан аса прекурсорлар (тұз және күкірт қышқылы), 2 келіден аса героин, 45 келі марихуана, 8,5 келіден аса гашиш алынды», - дейді Н. Ораз.