Ескі Қазақстан қайтып келмей ме — депутат жауабы

мұрат әбенов
Фото: Айжан Қасымова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбаты жөнінде пікір білдірді.

Бүгін елордада Президенттік орталық пен Парламентаризм институты Мемлекет басшысының сұхбаты жөнінде дөңгелек үстел өткізді.

«Президент сұхбаты дер кезінде шықты деп ойлаймын. Соңғы кезде байқағаным, әртүрлі алаңдарда түрлі пікірлер айтылып жүр. Соның ішінде бұрынғыны еске алатын мемуар кітаптар шығып жатыр, басқа да подкастар, сұхбаттар беріліп жүр. Сонда азаматтар арасында „Ескі Қазақстан қайтып келмей ме? Саяси реформалар нақты нәтиже беріп жүр ме?“ деген сұрақтар туындауы мүмкін. Яғни „суперпрезиденттік“ мемлекеттік жүйе оралуы мүмкін деген күдік бар. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы өте жақсы жауап берді деп ойлаймын. Ешқандай қайтып оралу жоқ. Себебі, саяси реформалар — бір күндік әңгіме емес, олар 2019 жылы басталды. Сол кезден бастап өзгерістер нақтыланды», — деді М. Әбенов дөңгелек үстел кулуарында.

Депутат бұған дейін суперпрезиденттік мемлекет, Парламент деңгейі төмен, Үкімет бақылаусыз болғанын атап өтті.

«Онымен қоса олигархтар үкіметтегі адамдар арқылы өзіне пайдалы шешімдер жасап, экономикамызды құлдырауға жіберіп, әлеуметтік саланы бақылаусыз қалдырып, азаматтардың құқытарының бұзылуына алып келді. Мемлекет пен азаматтар арасындағы сенім деңгейі азайып кетті. Сол себепті бұл реформалар бірінші кезекте, „суперпрезиденттік“ мемлекеттік басқару жүйесінен ауыстыруды көздеді — „Мықты мемлекет, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет“ формуласы енгізілді. Тек Президенттің шешімімен өзгерістер болған жоқ, жалпы референдум арқылы халықпен бірге шешілді. Сол себепті бұл — қайтып келмейтін жүйе. Президент өзінен бастап 7 жылдық мерзімге өз өкілеттігін шектеді. Қоғам да мемлекетті, билікті бақылауға алуды талап етіп келді. Бүкіл дискуссиялар, талқылаулар көшеде емес, Парламентте болуы керек. Парламент — дамыған мемлекеттер тәрізді азаматтар пікірін жеткізетін және ең тиімді шешімдер қабылданатын орта болуы керек», — деді Мұрат Әбенов.

Айта кетейік, 3 қаңтар күні Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне сұхбат берді. Kazinform сұхбаттың толық мәтінін жариялады.

Бұған дейін Мұрат Әбенов шетелдіктер асырап алған қазақ балалары жөнінде өз ойын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар