Есік көліндегі бөгет 23 млрд теңгеге қалпына келтіріледі
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының қаржы басқармасының өкілі Kazinform агенттігіне су шаруашылығы нысанын қайта жаңғырту жоспарлары туралы айтып берді.

Басқармадан атап өткендей, 2024 жылы қолданыстағы су шаруашылығы құрылымдарын жалға беру және сенімгерлікпен басқару ережелеріне сәйкес бөгетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін тендер арқылы 23,6 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылды.
– Есік көліндегі бөгет қайта қалпына келтіріледі. Яғни, гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеу жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленеді. Алдағы уақытта сараптама жасалып, жобалық-сметалық құжаттама бекітілгеннен кейін құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру басталады, - деп жауап берді редакция сауалына Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Анар Ақшолақова.
Айтуынша, жобаны іске асыруға бөгет қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына ие және ереже талаптарына сәйкес келетін мердігерлер тартылады.
– Инфрақұрылымды жаңғырту демалушыларға қолайлы жағдай жасап, өңірге жаңа туристерді тартуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Анар Ақшолақова.
Еске салайық, былтыр сатып алу құқығынсыз 49 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген Есік көліндегі бөгет Алматы облысының коммуналдық меншікке қайтарылған болатын.
Учаскенің аумағы – 141,643 гектар.
Шарт «Қазэлектроэнергия» ЖШС-мен 1 млрд 052 млн теңгеге жасалған.