Есік көліндегі бөгет мемлекет меншігіне қайтарылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының әкімдігі Есік көліндегі бөгетті сенімгерлік басқаруға алған «Habel» ЖШС-мен жасалған шартты бұзды. Бұған инвестордың нысанды қауіпсіз пайдалану және жаңғырту бойынша міндеттемелерін орындамауы себеп болған.

в
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Есік көліндегі бөгет пен оған іргелес 140 гектардан астам аумақ стратегиялық маңызы бар гидротехникалық нысан саналады. Нысан ұзақ жылдар бойы күрделі жаңғырту мен қалпына келтіру жұмыстарын қажет етіп келген.

2024 жылдың соңында ашық тендер қорытындысы бойынша бөгет пен оған іргелес аумақ сатып алу құқығынсыз 49 жыл мерзімге «Habel» ЖШС-на сенімгерлік басқаруға берілген.

Жоба аясында инвестор бөгетке көпфакторлы зерттеу жүргізіп, гидротехникалық құрылысты реконструкциялау, мониторинг және қауіпсіздік жүйелерін енгізу, тазарту жұмыстарын атқару және туристік инфрақұрылымды дамытуы тиіс болған.

Әкімдік мәліметінше, бірінші кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі сел қаупінің алдын алып, жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде шарт талаптарының орындалмағаны анықталған.

– Сенімгерлік басқарушы нақты инвестициялық және пайдалану міндеттемелерін өз мойнына алғанымен, көзделген жұмыстардың едәуір бөлігі орындалмаған. Заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін сотқа дейін реттеу рәсімдері жүргізіліп, кемшіліктерді жоюға уақыт берілді. Соған қарамастан міндеттемелер орындалмағандықтан шарт біржақты тәртіппен тоқтатылды, – делінген хабарламада.

Жоба бойынша алғашқы жылы 245 млн теңге инвестиция салу жоспарланған. Алайда нақты салынған қаржы көлемі 11,4 млн теңгені құрап, жоспардың 5 пайызына да жетпеген.

Сонымен қатар жоспарланған жұмыс орындары ашылмаған. 2025 жылдың қарашасына дейін дайындалуы тиіс бөгетті көпфакторлы зерттеу қорытындысы да белгіленген мерзімде тапсырылмаған. Міндетті жылдық есеп те ұсынылмаған.

Әкімдік жарияланған көлемде нақты қызметтің жүзеге аспауы салдарынан бюджетке түсуі тиіс салық пен өзге де кірістер толық көлемде түспегенін атап өтті.

Қазір нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы шешімдер қауіпсіздік талаптары мен мемлекеттік мүдделерді ескере отырып қабылданады.

Айта кетейік, енді Алматы маңындағы «Барыс» автобазары мемлекетке толық қайтарылуы мүмкін.