Ескі тұрғын үй мәселесін шешу: биыл 3 мың адам көшірілмек

АСТАНА.KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі еліміздегі реновация жұмысын түсіндірді.

тұрғын үй
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінде реновациялау ұғымын, жергілікті атқарушы органдардың құзыретін, сондай-ақ жеке инвесторлардың қатысу тәртібін және үлестік құрылыс арқылы апатты әрі ескі тұрғын үйлерді жаңарту тетігін қолдануды нақтылауға бағытталған бірқатар түзету қабылданды. Салалық құжаттарға, яғни «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.

- Жоғарыда көрсетілген заңнама талаптарын орындау үшін, уақытша тұрғын үй беру және өтемақылар мәселелерін, сондай-ақ жаңа объектілерідегі үлестерді есепке алу және кепілге қою тәртібін регламенттейтін заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Аталған өзгерістер апатты және тозығы жеткен меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ретке келтіруге және реновациялаудың бірыңғай құқықтық тетігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар аталған тұрғын үйді бұзу арқылы 2029 жылға дейін апатты және ескі тұрғын үй иелерін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын қайта бекітті. Жол картасына сәйкес осы жылы шамамен 3 000 азаматты көшіру жоспарланған, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы ең алдымен апатты үйлерден тұрғындарды көшіруді қамтамасыз етуді, аталған апатты үйлерді бұзу және бөлшектеу жөніндегі іс-шараларды ЖАО апатты үйлердің тұрғындарын көшіру кезеңі аяқталғаннан кейін (жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру және апатты үйлердің тұрғындарына меншік құқығы тоқтатылған жағдайда) жүзеге асырады.

- Министрлік жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй берудің және бөлудің жекелеген қағидаларын әзірледі. Қағида осы жылдың 8 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Енді әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен «Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары» санатындағы адамдар үшін жалға берілетін тұрғын үйді салып немесе сатып алып, оны тұрғын үй комиссиясы негізінде дербес бөле алады, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Айта кетейік, бұған дейін апатты жағдайдағы үйлердің көбі қай өңірде екенін жазған едік.