Ескі үйге кірген кезде жүрегім ауырады – Алматы әкімі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы әкімі Түрксіб ауданындағы ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша құрылыс салу және тұрғындарды көшіру барысымен танысты.

Ерболат Досаев
Фото: Kazinform

Инвестициялық жоба шарты мен Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы негізінде Түрксіб ауданында Сейфуллин, Кассин, Котельников, Ақан сері көшелерінің аумағындағы «Qazaq Stroy» құрылыс салушысы 8 көппәтерлі тұрғын үйді салып жатыр. 

2022 жылы осы аумақта бірінші кезек бойынша 119 пәтерге арналған 6 қабатты екі үй салынып, пайдалануға берілді, оған жақын маңдағы ескі үйлердің тұрғындары көшірілді.

Екінші кезекті тұрғын салу үшін екі қабатты 12 ескі үй бұзылды. Олардың орнында биыл маусым айында 429 пәтерге арналған 6 көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталады, оның 130-ы – ескі тұрғын үй тұрғындарына арналған. 

Үшінші кезекті үй салуды бастау үшін 160 пәтерден тұратын 18 ескі үйдің тұрғындарын екінші кезектегі үйлерге көшіру қажет. Алайда 34 меншік иесі көшуге әлі келіскен жоқ, 126-сы айырбауға келісті. 

Ерболат Досаев
Фото: Kazinform

Пәтер иелерінің басым бөлігі тозығы жеткен үйдегі жағдайдың жоқтығын айтып, оларды тездетіп көшіруді сұраған. Олардың айтуынша, тұрғын үйді жөндеуге келіспейтін меншік иелері өз пәтерін жалға береді, сондықтан тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүдделі емес. 

Өз кезегінде қала әкімі тұрғындарға меншік иелерінің 100% келісімінсіз инвестор қоныс аударуды бастай алмайтынын түсіндірді. Мұның шешімі ретінде Ерболат Досаев өзі құрған қоныс аудару қорын тартуды ұсынды. Ескі тұрғын үйді қалдыруға келіскен азаматтар қордың пәтерлеріне біртіндеп қоныстана бастайды.

«Біз күрделі құрылыс кәсіпорны арқылы тозығы жеткен үйлерді босатуды бастаймыз. Сіздердің жағдай жасалған жаңа тұрғын үйге қоныс аударғандарыңызды қалаймын, өйткені мен осындай пәтерлерге барған кезде әкім ретінде жүрегім ауырады», - деді қала басшысы. 

Тұрғындар әкімге тұрғындар маңайларында заңсыз салынған монша, бау-бақша, бассейн, гаражы бар ескі үйлер туралы айтты.

Мегаполис басшысы қала құрылысын бақылау басқармасына рұқсатсыз салынған ғимараттарды тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, кездесуде тұрғындар көтерген барлық мәселе заң аясында шешілетінін жеткізді. 

Тұрғын үй
Фото: Kazinform

Ескі тұрғын үйді жаңасына ауыстырған қала тұрғындары қала әкіміне алғыс білдірді.

«Ескі үйлер қорқынышты, өмір сүруге келмейтіндей жағдайда еді. Қазір бізде жаңа, таза пәтерлер бар. Мен бұл үйге екі жыл бұрын қоныстандым, біз өте қуаныштымыз», - деді жаңа үй тұрғыны.

Ерболат Досаев аудан әкімдігіне жаңа үйлердің аумағын абаттандыру мен көгалдандыруды бақылауды, сондай-ақ тұрақ орындарын қарастыруды жүктеді.

Мегаполис басшысы жайлы қалалық орта құру – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі, ал ескі тұрғын үй мәселесі Түрксіб ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, Түрксіб ауданында көппәтерлі тұрғын үй қорында 1247 үйді бар, жөндеуді қажет ететін ескі үйлердің саны 586.

Сондай-ақ Түрксіб ауданына қарасты Шуақты шағын ауданында инженерлік коммуникацияға қатысты қордаланған мәселе толық шешілді.

Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров қала басшысына Шуақты шағын ауданында инженерлік инфрақұрылымқа қатысты ұзақ жылғы мәселені шешу туралы баяндады.

Шағын ауданда электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша жобаны жүзеге асыру аяқталды.

Бір жылға жетер-жетпес уақытта жүргізілген 5,5 км желіні жаңғырту электр қуатының шығынын азайтуға, пайдалану шығындарын қысқартуға және 1500-ден астам тұрғынды сапалы электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Осы шағын ауданда ұзындығы 17,4 км сумен қамту және су бұру желілерін салу жобасы жүзеге асырылды, оның ішінде 10 км – су құбыры, 7,4 км – кәріз желісі. Жоба аясында Айша Бибі, Ақтасты, Береке, Волочаевская, Дуадақ, Мәйекті Саялы, Теректі, Ырғайты сынды 9 көше қамтылды. 

Жұмыс жүргізген «Мелиоратор» мердігерлік ұйымы 2023 жылдың маусым айында жолдың ені бойынша асфальт төсемді толық қалпына келтіре отырып, желілердің құрылысын аяқтады.

Бұл шағын аудан тұрғындарына орталық сумен қамту және су бұру желілеріне қол жеткізуді қамтамасыз етті, бұл үшін қала тұрғындары қала басшысына алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Волочаевская көшесінің кәріз ағыны үшін қажетті еңіс жоқ шағын учаскесінде кәріз-сорғы құрылысын салу жобасы әзірленіп жатыр. Әлеуметтік жауапкершілік аясында жобалаушы жұмысты тегін жүргізеді. Мемлекеттік сараптама шамамен 2024 жылғы маусым айында шығады. 

Сондай-ақ, Ерболат Досаев Шуақты шағын ауданындағы көшкіндердің алдын алу жоспарымен танысты. 

Қала басшысы бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оның ішінде қажет болған жағдайда еңістің шетіндегі үйлерді сатып алуды тапсырды. Әрі мегаполис әкімі шағын ауданда нөсер кәрізін салу қажеттігін атап өтті.

Қала басшысы гидрогеологиялық зерттеулер жүргізуге және өзен арнасының негізін нығайтуға нұсқау берді.

Соңғы жаңалықтар