Ескек есуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, қазақстандықтар 8 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Қытай құрамасы екінші, өзбекстандықтар үшінші орынға көтерілді.
Ересектер мен жастар арасында өткен біріншілікке 27 елдің спортшылары қатысып, бақ сынады.
Қазақстан құрамасы сапында батысқазақстандықтар Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев те аса сәтті өнер көрсетті. Алдымен А.Дергунов екі кісілік байдаркада астаналық Сергей Токарницкиймен бірге 200 метрлік қашықтықта чемпион атанса, А.Ергучев төрт кісілік байдаркада Қазақстан құрамасы сапында 1 мың метрден жарысуда қола медальға қол жеткізді. Содан кейін А.Ергучев 1 мың метрден ескек есуде алматылық Илья Голендовпен бірге жеңімпаз атанды. Сосын А.Ергучев пен А.Дергунов төрт кісілік байдаркада қазақстандық әріптестерімен бірге 500 метрлік қашықтықта мәре сызығын бірінші болып қиды.
Айта кетейік, бұлардың екеуі де - халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Азия ойындарының жеңімпазы. А.Дергунов үш олимпиадаға қатысса, А.Ергучев Рио айдынында бақ сынаған болатын.