Ескендір Сүлейменов ісі: Айыпталушы тарап 14 млн теңге өтемақы туралы пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ескендір Сүлейменовтің өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты айыпталушы тараптың адвокаты Дмитрий Куряченко қарсы тараптың 14 млн теңгелік талабы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сома туралы бұған дейін нақтылық болмап еді. Қазіргі таңда шығынның сомасы айқындалды. Мүмкіндік бар. Бірақ сіздер, меніңше, жәбірленуші тараптың пікірін сұрауларыңыз керек секілді. Біз диалогқа ашықпыз. Әу баста ол туралы мәлімдеген болатынбыз», - дейді адвокат.
Сонымен бірге, адвокат өз қорғауындағы Малика Мұхитованың қандай жылдамдықпен келе жатқаны анықталмағанын, бұл дұрыс емес екенін жеткізді.
«Күні бүгінге дейін белгісіз. Оған қауіпсіздік қозғалысын қамтамасыз етпейтіндей жылдамдықпен қозғалғаны айтылып жатса да, нақты жылдамдық әлі анықталмаған. Ал бұл ретте оның қозғалысының анықталуы іс үшін аса маңызды», - дейді ол.
Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды.
Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ, қалалық полиция департаменті Ескендір Сүлейменовтің мотоциклы соғылған жүргізуші Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы екенін растаған.
Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.
Ал бүгінгі сот отырысында Ескендір Сүлейменовтің туыстары 14 млн теңге көлемінде өтемақы талап етті. Сот отырысы кезінде марқұмның анасы соттан тек қана әділ үкім күтетінін жеткізді.