Ескендір Сүлейменовтің ісі: Прокурор айыпталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменовтің ісі бойынша сот процесі аяқталуға таяп қалды. Іс бойынша прокурор Ә.Бараев соттан айыпталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ескендір Сүлейменовтің Ұлы Дала көшесінің қиылысын бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрған кезде өтпек болғаны анықталды. Мына жайға мән бере кету керек: ол (Сүлейменов - авт.) көше қиылысының 80 пайызын өтіп, қозғалысын аяқтауға жақын қалған (...) Жүргізуші көлігімен солға бұрылу кезінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлік құралына жол беруі керек», - деді прокурор бүгінгі сот отырысында.

Айыптаушы өз сөзінде сот отырысында айыпталушы Мұхитованың ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-ші бөлігі (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша кінәсі дәлелденгенін атап өтті.

«Құрметті сот, жазалау мәселесін шеше отырып, әділетті жаза түрін айқындау үшін барлық фактілер ескерілуі керек деген ойдамын. ҚР Қылмыстық кодексінің 53-ші және 54-ші баптарына сәйкес, айыпталушының жазасын жеңілдететін және ауырлататын жайттардың бәрі ескерілуі тиіс. Жеңілдететін тұсқа айыпталушының қылмысты бірінші рет істеп отырғанын, ісіне өкінетіндігін жатқызуға болады. Ал жазаны ауырлататын тұсты айыптаушы тарап көріп отырған жоқ. Осылардың бәрін ескере келе, Малика Мұхитованы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығынан айыру, көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыру жазасын тағайындау сұралады», - деді прокурор.

Прокурор айыпталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің минималды қауіпсіздік мекемесінде өтеуі керектігін сұрады.

Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды.

Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ, қалалық полиция департаменті Ескендір Сүлейменовтің мотоциклі соғылған жүргізуші Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы екенін растаған.

Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып,

Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.

Айта кетерлігі, өткен сот отырысында Ескендір Сүлейменовтің туыстары келтірілген залалды өтеуді (14 миллион теңге) талап еткен.

Дегенмен, сот отырысынан кейін Ескендір Сүлейменовтің анасы ұлына қатысты соттан тек әділ үкім күтетінін мәлім еткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар