ЕСКЕРТУ: Астанада қатты жел соғады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін синоптиктердің хабарлауынша, Астана қаласында солтүстік-батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен қатты жел соғады деп күтілуде. Елордада көшпелі бұлт шығып, жаңбыр жауады, ауа температурасы күндіз +18+20°С, түнде +10+12°С болады. Бұл туралы елорда әкімінің ресми сайтында хабарлады.

ЕСКЕРТУ: Астанада қатты жел соғады

Ауа райының күрт бұзылуының салдарынан қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бүгін, 10 шілдеде қала аумағында жаңбыр суларын сору жұмыстарына 30 жуық мамандандырылған техника тартылды. Атап айтқанда, «Алматы» ауданы бойынша - 11 ассенизаторлық көлік, «Сарыарқа» ауданы бойынша - 9 мамандандырылған техника мен 1 сору құрылғысы бар МТЗ көлігі және "Есіл" ауданында 8 ассенизаторлық көлік, 5 мотопомпа мен 2 сору құрылғысы бар трактор тиісті жұмыстармен айналысуда.

«Астана Тазалық» ЖШС хабарлауынша, қала көшелеріндегі мамандандырылған техника саны жаңбыр мен жүктеменің артуына байланысты көбейіп отырады.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, шілденің 11-12 күндері де елордада жаңбыр жауып, жел соғады деп болжануда.