ЕСКЕРТУ: Оңтүстіктің үш өңірінде қар аралас жаңбыр жауып, жел күшейеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК еліміздің бірқатар бөлігінде алдағы екі күн бойы ауа райының қолайсыздығы сақталады деп ескерту жасады. Атап айтқанда, 10-13 сәуір аралығында Ақмола облысының Колутон ауылындағы Колутон өзені мен Атбасар қаласының аумағындағы Жабай өзенінде су деңгейі көтеріліп, тасқын болады деп болжады.
Сондай-ақ 12-13 сәуір күндері Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарында жауын-шашын, кейбір жерлеріне қар аралас жаңбыр жауып, солтүстік-шығыстан соққан желдің күші секундына 17-22 метрге дейін барады деп отыр. Оның ішінде түнде ауа температурасы 0-5 жылы, кей жерінде 0-5 аяз, ал күндіз 5-10 және 13 градус жылы болады деп күтілуде.
Бүгін, 11 сәуір күні еліміздің батысында ауа райы жауын-шашынсыз болады. Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болса, таңертең Ақмола облысында жел күшейіп, 15-20 м/с дейін барады. Павлодар облысының жер-жеріне желдің екпіні 17-22 м/с болып, көктайғақ болады. Шығыс Қазақстан облысына тұман түсіп, желдің күші 15-20, ал күндіз 25 м/с дейін жетеді. Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау және Алматы облыстарының кейбір жерлерінде жел күшейіп, екпіні 15-23 м/с дейін болмақ. Ал Жамбыл мен Маңғыстау облыстарында желдің екпіні 15-20 м/с болып, тұман түседі деп күтілуде, деп хабарлайды ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен.