Ескірген ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Оның сөзінше, сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек.
— Еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл — Үкіметтің алдында тұрған міндет. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл — алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже, − деді Президент Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында.
Бұл ретте Президент Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдары өзгермейтінін айтты. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн.
— Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет. Сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айрылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді, — дейді Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы интернетте арандатушылық ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартуды заңмен бекіту жөнінде ұсыныс айтқан еді.