Есіл бассейнінде су заңнамасын бұзғандарға 12 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Есіл өзенінің су шаруашылығы бассейнінде жыл басынан бері су ресурстарын пайдалану талаптарының сақталуына қатысты 47 әкімшілік іс қозғалды.
Есіл бассейндік су инспекциясының мәліметінше, әкімшілік істердің 37-сі бойынша жалпы сомасы 11,8 млн теңге айыппұл салынды. Тағы алты іс бойына материалдар соттың қарауына жіберілді.
Мамандардың айтуынша, су пайдаланушылар арнайы нысандардан су алу тәртібін сақтауы қажет, яғни, су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өндірістік бақылауды, суды есепке алу аспаптарын орнатуды, су көлемін бақылауды жүзеге асыруы қажет. Бұл ҚР Су кодексінің 53-бабында көрсетілген.
Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 141-бабы 2-бөлігі бойынша — Су кодексінде көрсетілген ережелерді, бақылау талаптарын сақтамай, өзіне бекітілген лимиттен артық су алса немесе су пайдаланудың белгіленген шарттары мен тәртібін сақтамаса айыппұл қарастырылған. Биыл осындай 23 әкімшілік іс қозғалып, 4 млн теңге шамасында айыппұл салынған.
— Бақылау тек су пайдаланушылармен шектелмейді. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы міндеттердің жергілікті атқарушы органдар тарапынан орындалуы да тексеріледі. Мәселен, Ақмола облысында жүргізілген тексеру кезінде бір заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде ӘҚБтК-нің 359-1-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, 648 мың теңге айыппұл салынды. Бұған қоса, заң бұзушылықты жою туралы нұсқама беріліп, айыппұл өндірілді, — дейді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Есіл бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Гүлден Исмағұлова.
СҚО-да қазір осы бағытта тағы бір тексеру қазір жалғасып жатыр. Оның нәтижесі бойынша қорытынды шешім әзірге қабылданған жоқ.
Бұған дейін су үнемдеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жазған едік.