Есіл бассейнінің су айдындарында балықтың кей түрлерін аулауға уақытша тыйым салынады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бұл тыйым балықтардың уылдырық шашуына байланысты енгізілген. 

Есіл бассейнінің су айдындарында балықтың кей түрлерін аулауға уақытша тыйым салынады
Фото: Kazinform

Солтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Есіл бассейнінің су айдындарында 15 сәуірден бастап 15 мамырға дейін шортан, аққайран және көксеркені аулауға болмайды.

Ал 20 мамырдан бастап сазан (тұқы) балығын, 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін гаммарусты, 1 наурыздан 15 маусымға дейін артемия цистасын және 1 маусымнан 15 шілдеге дейін өзен шаяндарын аулауға тыйым салынады.

Сондай-ақ, облыс шегінде Есіл, Нұра, Сілеті өзендерінде және олардың барлық салалары мен су қоймаларында 20 сәуірден 20 мамырға дейін балық аулауға рұқсат жоқ.

Резервте тұрған су айдындарында әуесқой балықшыларға жолдамасыз-ақ балықты қармаққа, спиннингке аулауға болады, бірақ бір балықшы ауланған балық салмағын бес келіден асыруға болмайды.

Жалға алынған су айдындарында балықшы жалға алушының берген жолдамасымен ғана балық аулай алады. Тек қармақ жібінен жасалған «өрмекші», «орамал» және т. б. сияқты балық аулау құралдарын әуесқой балық аулаудың барлық түрінде қолдануға тыйым салынады, бұл табиғатты қорғау заңнамасына да қайшы.

Мамандар су қоймаларында, жүзу құралдарын қолданған кезде қауіпсіздік шараларын сақтауды, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды жинап кету қажеттігін, от жағу кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды ескертеді.

Бұған дейін СҚО Аралағаш ауылының маңындағы каналда балық қырылып жатқанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар