Есіл қаласында тасқыннан зардап шеккен 21 отбасы баспаналы болды

ЕСІЛ. KAZINFORM – Есіл қаласында тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды. Жаңа үйлерді салуға 500 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. 

Есіл қаласында тасқыннан зардап шеккен 21 отбасы баспаналы болды
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Су тасқыны кезінде үйі топан судың астында қалғандардың бірі Ольга Кайлибер 3 айға жуық көгерген қабырғаларды жамаумен әуре болғанын айтады. 

– Су басқан уақытта күйеуім екеуіміз үйде едік. 20-30 минуттың ішінде тасқынның деңгейі көтеріліп, тізеге жетті. Әупірімдеп, қажетімізді жинап алдық. Қалғаны жарамсыз болып қалды. Негізі несие алып, осы үйді қайта қалпына келтіруді ойлап жүргенбіз. Енді несие алудың да, басқа үйге көшудің де қажеті жоқ, - дейді ол. 

Есіл қаласында тасқыннан зардап шеккен 21 отбасы баспаналы болды
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жасы жетпіске таяған кейуана мемлекет тарапынан баспаналы болғанына ризашылығын жеткізді. 

– Не деген зәулім үй. Жап-жарық. Маған қатты ұнады. Қобалжып тұрмын. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Алғашында сенбедік. Кілтті қолыма алып бақыттан басым айналып тұр. Қуанышымызда шек жоқ, - дейді Ольга. 

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қызыл кірпіштен тұрғызылған үйлер демеуші есебінен салынған. Өз кезегінде мердігер, бас демеуші Саламат Ахметов бұл жобаға 525 миллион теңге кеткенін айтты. 

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Салтанатты іс-шара кезінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов су тасқыны кезінде 188 зардап шегушіге көмек көрсетілгенін атап өтті. 

– Есілде тасқын кесірінен далада қалған 37 отбасы бар. Оның 19-ы ауылда, 18-і қалада тұрады. Он алты отбасы мемлекет есебінен дайын пәтер сатып алуды жөн көрді. Жалпы, 188 зардап шегушіге әлеуметтік көмек керсетілді. Осылайша жұрт қалыпты өмірге қайта көшкен. Тек қана мерзімін емес, сапасын да қадағалап отырдық. Халық қоныстанған соң наразылық болмасын деп бәріне ерекше көңіл бөлдік. Қоғамдық бақылау да болды. Мысалы, іштегі пештердің орнатылуына, бөлмелердің жоспарына тұрғындар өз пікірін қосты, - деді М. Ахметжанов. 

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бір үлгіде салынған үйлердің іші кең, 85 шаршы метр. Жер телімі – он соттық. Ал, отбасы мүшелеріне байланысты бөлмелердің орналасуы әртүрлі. Маусының 1-інде басталған құрылыс 100 күнде аяқталды.