Есіл өзенінің бойында бірыңғай қоғамдық кеңістіктер салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдады.
Президент саябағында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы кешенді түрде көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстары жүріп жатқанын баяндады.
Шаһар басшысының айтуынша, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды, жыл соңына дейін 170-тен астам аула мен қоғамдық орын, соның ішінде парктер, гүлзарлар мен бульварлар ретке келтіріледі.
Мемлекет басшысына Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің бірыңғай жүйесі қалыптасып келе жатқаны туралы мәлімет берілді. Осы жұмыстар аясында қаланың түрлі бөлігіндегі парктер, серуен және спорт аумақтары тұтас жасыл белдеуге біріктіріледі.
Осылайша елордада су бойында 27 шақырым үздіксіз маршрут құрылады. Он шақырым жағалау абаттандырылады.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастаған кезден бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын баяндады. Оның аясында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңдай қоқыс төгетін орын жойылған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және жас экобелсенділермен бірге Президент саябағы аумағында ағаш екті.
Еске сала кетсек, 19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында ауқымды экологиялық акциялар өтеді.