Есмұқан Обаев туралы "Режиссер" деп аталатын деректі фильм түсіріліп жатыр
АЛМАТЫ. 4 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев туралы "Режиссер" деп аталатын деректі фильм түсіріп жатыр.
Ол Қазақстан Республикасының халық әртiсi, өнертану ғылымының профессоры, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері Есмұхан Несіпбайұлының 70 жылдығына арналып отыр.
«Бұл фильм менің шығармашылық тағдырымдағы үлкен бір белес болмақ. Себебі қазақтың өресі биік театр режиссері Есмұхан Обаев туралы көп адамдардың өз пікірі бар. Сондықтан олардың талғамына жауап беретін, көңілінен шығатын фильм жасауым керек. Қазір соған талаптанып жатырмын. Оның тұсаукесері қазан айында өтетін мерейтойылық кеште кесілмек», - дейді сценарист, режиссер Жәнібек Жетіру. Бұған дейін 40-тан астам деректі фильмдер мен «Дүниежарық», «Аққыз» деп аталатын толық метражды көркем фильмдердің авторы атанған ол түрлі халықаралық байқауларда сан мәрте үздік шығып, түрлі жүлделерге ие болған еді.
Есмұхан Несіпбайұлы 1941 жылы Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келді. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеудегі Максим Горький атындағы академиялық театр курсын бітірген. Әр жылдары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы режиссері, Абай атындағы Семей облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының ректоры, Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, орынбасары, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Режиссер ретінде әр жылдары З.Ақышевтің «Жаяу Мұса», Т. Ахтановтың «Боран», «Күшік күйеу», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ш.Құсайыновтың «Сертке серт», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», С. Мұқановтың «Ботагөз» және «Қашқар қызы», Б. Майлиннің «Шұға», Ә. Әлімжанов пен Р. Сейсенбаевтың «Өзімді іздеп жүрмін», Ә. Таразидің «Індет», М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қарагөз», Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», Е. Брусиловский мен Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», С. Шаймерденовтың «Әнім сен едің», Е.Рахмадиев пен Ғ. Мүсіреповтің «Қайран, Майра», Д. Исабековтің «Әпке», «Ертеңді күту», О.Бодықовтың «Қош бол, Бөрібасар», М.Сәрсекеевтің «Жарылыс», Қ. Мұхамеджановтың «Комиссар Ғаббасов», Ж.Файзидің «Башмағым», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш» сияқты қойылымдарын сахналады.