Есірткі контрабандасы үшін сотталған азаматша Қырғызстаннан елге жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Аса ірі мөлшердегі есірткі заттардың контрабандасы мен оларды өткізгені үшін сотталған әйел Қырғыз Республикасынан экстрадицияланды.

Алматыда есірткі таратқан 6 жасөспірім ұсталды: олар 10 жылға дейін қамалуы мүмкін
Фото: Polisia.kz

ҚР Бас прокуратурасы Қырғыз Республикасынан аса ірі мөлшердегі есірткі заттардың контрабандасы және оларды өткізгені үшін сотталған Қазақстан Республикасының азаматшасын, он алты жыл бұрын шығарылған сот үкімін орындау үшін экстрадициялады.

Іздеуде жүрген тұлға 2010 жылы ақшалай сыйақы үшін салмағы 1 килограмнан асатын гашиш есірткі затын өткізу мақсатында ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізгені үшін Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының 2010 жылғы 23 қарашадағы үкімімен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

— Алайда оның асырауында жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі он төрт жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылған. Сотталған пробациялық бақылауда бола тұра, 2017 жылы сот үкімін орындаудан жалтарған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда ол Бішкек қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауымен отанына экстрадицияланды. Қазір сотталған тергеу изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.

Осыған дейін халықаралық іздеудегі қазақстандық Түркияда ұсталып, елге қайтарылғанын жаздық.