Есірткі, құмар ойын, жұмыссыздық: Астанада жастар мәселесін шешу үшін қандай жобалар іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жас отбасыларды қолдау және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Астанада өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев биылғы он айда атқарылған жұмыстың нәтижесін таныстырды.
Есірткі жарнамасына қарсы күрес және студенттер арасындағы профилактика
Елордада жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіліп келеді. Мамандар жас буынға есірткінің зардабын түсіндірумен қатар, оның таралуына ықпал ететін жарнамаларды жоюға да көңіл бөліп отыр.
— «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы аясында жыл басынан бері 40 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 5 мыңнан астам адам қамтылды. Қыркүйектен бастап жоғары оқу орындарында 35-тен астам кездесу, дәріс пен тренинг ұйымдастырылып, оған 2 мыңнан астам студент қатысты. Психолог Мырзада Сейтқали мен полицияның есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуымен 26 дәріс өтті, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмысты оқу орындарының өз ішінде жалғастыруға да мән беріліп отыр. Бірқатар жоғары оқу орнында студенттік психологиялық алдын алу комитеттері құрылды. Мұндай бастамалар жастардың есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыруға және тәуелділіктің алдын алу ісіне студенттердің өзін тартуға бағытталған.
— Сонымен қатар қала аумағында есірткі жарнамасын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 357 нысандағы осындай жазу өшірілді, — деп қосты спикер.
Құмар ойын мен интернет-алаяқтықтың алдын алу
Жастар арасында құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру және интернет-алаяқтықтан сақтандыру мәселелері «JARQYN BOLASHAQ» жобасы аясында қамтылған.
— 13 қазанда Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп ұйымдастырылған форумға 1 600-ге жуық студент қатысты. Колледждерде құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша 21 дәріс өткізілді. Интернет-алаяқтық пен қаржылық сауаттылық тақырыбында тағы 18 дәріс ұйымдастырылып, 2 500 ақпараттық парақша таратылды, — деді Самат Ибраев.
Жастардың қаржылық сауатын арттыру олардың өз қаражатын дұрыс басқаруына ғана емес, күмәнді ұсыныстарды ажырата білуіне, алаяқтардың арбауына түспеуіне де ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, аталған мәселелердің бір жоба аясында қамтылуы өзара сабақтас қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
— Елордада жастарды діни экстремизм мен деструктивті ағымдардан сақтандыру бағытында да арнайы іс-шара ұйымдастырылды. «Студенттік қалқан» шарасына 15-ке жуық жоғары оқу орнынан 250 студент қатысты. Көрермен мен онлайн аудиторияны қоса есептегенде, ақпараттық қамту көлемі мың адамға жуықтады, — деді басқарма басшысы.
5,5 мың отбасы танымдық семинарға қатысты
Бұдан бөлек, спикер елордадағы жастар саясатының тағы бір бағыты — отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас отбасыларды қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу екенін атап өтті.
— Бұл ретте түсіндіру жұмысымен шектелмей, отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. «Отбасы — бақыт мекені» жобасы аясында 50 танымдық семинар өткізіліп, 5 500 отбасы қамтылды. Әлеуметтік желіде ұйымдастырылған байқауға 120 отбасы қатысты. Бұдан бөлек, 100 отбасының қатысуымен үш спорттық іс-шара өтті, — деді ол.
Сондай-ақ, ата-ана мен баланың ортақ қызығушылығын дамытуға бағытталған шығармашылық сабақтар да ұйымдастырылған. Аспаздық, қыш өнері және сурет салу бойынша өткен сабақтарға 60 отбасы қатысты.
— Жоба аясында «Үздік жас отбасы — 2026» байқауы өткізілді. Сондай-ақ «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен бірлесіп, отбасылық қарым-қатынасты нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді Самат Ибраев.
Елордада 150 спорт секциясы мен шығармашылық үйірме жұмыс істейді
Бұдан бөлек ол жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау — қаладағы профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
— Бүгінде Астанада осы мақсатта ашылған сегіз аула клубы мен жеті «Замандас» коворкинг орталығы жұмыс істейді. Олардың қызметімен 4 300-ден астам адам қамтылған. Аталған орталықтарда 80 спорт секциясы мен 70 шығармашылық үйірме ұйымдастырылған. Спорт секцияларына ғана 2 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысады, — деді спикер.
Аула клубтары елорданың алты ауданында орналасуы балалар мен жасөспірімдердің тұрғылықты жеріне жақын маңда спортпен шұғылдануына, шығармашылық қабілетін дамытуына мүмкіндік бермек.
— Мұндай орталықтардың маңызы бос уақытты ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Олар жасөспірімдердің ортақ қызығушылығы бар құрдастарымен араласуына, жаңа дағды меңгеруіне және қоғамдық ортаға бейімделуіне жағдай жасайды, — деді басқарма басшысы.
Оқымайтын әрі жұмыс істемейтін жастарды қоғамға бейімдеу
Елордада NEET санатындағы, яғни білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіптік даярлықтан өтпейтін жастарды қоғамдық өмірге тартуға да көңіл бөлініп отыр.
Спикердің айтуынша, «Астана Жас Жігер» жобасы аясында осы санаттағы жастар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылған.
— Футбол, волейбол, үстел теннисі, армрестлинг, гір көтеру және арқан тартудан өткен сайыстарға барлығы 300 жас қатысты. Спорттық жарыстар жастардың өзара қарым-қатынас орнатуына, командамен жұмыс істеуіне және қоғамдық бастамаларға араласуына мүмкіндік береді. Бұл — олардың әлеуметтік белсенділігін арттырудың бір жолы, — деп түйіндеді Самат Ибраев.
Жалпы, елордада жүзеге асырылып жатқан жобалар жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап, отбасын қолдау мен бос уақытты ұйымдастыруға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. Ал атқарылған жұмыстың ұзақ мерзімді нәтижесін бағалауда іс-шараға қатысушылар санымен қатар, жастардың өміріндегі нақты өзгерістерді де ескерген жөн.
Айта кетейік, бұған дейін I шақырылымдағы Құрылтай жанынан Жастар кеңесі құрылатыны хабарланды. Ол жастар бастамаларын біріктіруге, оларды жүйелі түрде ілгерілетуге және Құрылтаймен тікелей өзара іс-қимыл орнатуға арналған тұрақты диалог алаңына айналмақ.