Есірткі саудасы мен қызмет барысындағы қылмыс: экс-полицейлерге қатысты сот басталды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Бақтыбек Исаев пен тағы алты адамға қатысты қылмыстық іс бойынша сот басталды.

Есірткі саудасы мен қызмет барысындағы қылмыс: экс-полицейлерге қатысты сот басталды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Сотталушылардың бесеуі — бұрынғы полиция қызметкері. Олардың қатарында қалалық полиция басқармасының экс-бастығы Бақтыбек Исаев, оның орынбасары Қадырбек Әбішев, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Ғабитов, сондай-ақ тылдық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері Сұлтан Ғилажов пен Алтынбек Шыныбекұлы бар. Бұдан бөлек, Айнагүл Жұбаева мен Айдана Қасымғалиева да сотталушылар қатарында.

Айыптау актісіне сәйкес, қылмыстық іс Атырау қалалық полиция басқармасының заттай дәлелдемелерді сақтау бөлмесінен есірткі және психотроптық заттарды жымқыру, кейін оларды заңсыз сату деректеріне байланысты қозғалған.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың қыркүйегіне дейін заттай дәлелдемелердің сақталуына жауапты болған Сұлтан Ғилажов бұрын тәркіленген есірткінің бір бөлігін алып отырған. Кейін ол заттай дәлелдемелерді қайта қаптап, бос қаптамаларды жоюға жіберген. Ал 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қоймаға жауапты болған Алтынбек Шыныбекұлы онымен бірге бұл әрекетті жалғастыруға келіскен деп айыпталады.

Іс материалдарында мефедрон, меткатинон, альфа-PVP, марихуана және гашиш секілді заттарды жымқыру дерегі көрсетілген. Тергеу мәліметінше, заңсыз айналымға шамамен 124 грамм мефедрон шығарылып, одан 3 млн 177 мың теңге түскен. Екі әйел сатып алушыларды іздеп, тапсырыстарды қабылдау және есірткіні жеткізуді ұйымдастырумен айналысқан деген айып тағылған.

Істегі негізгі эпизодтардың бірі 2026 жылғы 17 наурызда болған. Сол күні полиция қызметкерлері Сұлтан Ғилажовты есірткі айналымына қатысы бар-жоғын тексеру үшін бөлімшеге жеткізген. Оның қызметтік кабинетіндегі сейфтен мефедрон салынған сегіз ZIP-пакет табылған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Ерлан Ғабитов Ғилажовтың есірткі пайдаланатынын және оны басқа адамдарға өткізетінін хабарлаған. Кейін оның кабинетінен табылған есірткі заттары Бақтыбек Исаевтың кабинетіне жеткізілген.

Айыптау актісіне сәйкес, Исаев болған жағдайдан кейін орынбасарларын жинап, Ғилажовты жұмыстан босату қажеттігін айтқан. Кейін есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлерімен мәселені шешу үшін екі миллион теңге жинауды ұсынған. Алайда оның екі орынбасары ақша беруге қарсы болған. Осыдан кейін Исаев орынбасары Қадырбек Әбішевке ақшаны тікелей Ғилажовтан алуды тапсырған.

Жұмыстан босатылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптенген Ғилажов қажетті соманы шұғыл жинауға кіріскен. Оның 1,5 млн теңгесі психотроптық заттарды заңсыз сатудан түскен қаражат болған. Қалған ақшаны сүйіктісі мен таныстарынан жинаған.

Есірткі саудасы мен қызмет барысындағы қылмыс: экс-полицейлерге қатысты сот басталды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Айыптау актісінде көрсетілгендей, 2026 жылғы 17 наурызда сағат 16:40 шамасында Ғилажов екі миллион теңгені Әбішевке қызметтік кабинетінде берген. Арада жеті минут өткенде Әбішев ақшасы бар конвертті Исаевқа тапсырған. Тергеу нұсқасы бойынша, Исаев бастапқыда бұл қаражатты есірткі қылмысына қарсы бөлім қызметкерлеріне беруді жоспарламаған.

— Исаев орын алған жағдайдан материалдық пайда табу үшін қызметтік лауазымын пайдаланып, ақша бопсалауға әрекет еткен. Ғилажовтың құқықтық тұрғыда осал екенін өз пайдасына пайдаланып, алаяқтық әрекет жасауды шешкен, — деді мемлекеттік айыптаушы Жарас Омаров айыптау актісін оқығанда.

Айыптау нұсқасы бойынша, Исаев пен Ғабитовтың қызметтегі әрекетсіздіктерінің салдарынан заңда белгіленген тәртіпке сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталмаған, қылмыстың мән-жайы толық және объективті анықтауға бағытталған әрекеттер жүргізілмеген.

Күдіктілерге қандай айып тағылып отыр?

  • Бақтыбек Исаевқа — қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасау, елеулі мөлшерде пара беруге айдап салу және ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік;
  • Қадырбек Әбішевке — лауазымды адамға елеулі мөлшерде пара беруге айдап салу;
  • Ерлан Ғабитовқа — басқа адамдарға пайда мен артықшылық жасау мақсатында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік;
  • Сұлтан Ғилажовқа — қызметтік жағдайын пайдаланып, есірткі және психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқыру және адамдар тобымен өткізу, сондай-ақ елеулі мөлшерде пара беруге оқталу;
  • Алтынбек Шыныбекұлына — қызметтік жағдайын пайдаланып, есірткі және психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқыру және адамдар тобымен өткізу;
  • Айнагүл Жұбаева мен Айдана Қасымғалиеваға — адамдар тобымен бірнеше рет және аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды өткізу.

Бақтыбек Исаев, Ерлан Ғабитов, Сұлтан Ғилажов пен Алтынбек Шыныбекұлы қамауда отыр. Қадырбек Әбішевке елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Ал екі әйел үйқамақта.

Бұған дейін Атырауда бүтін бір отбасының өліміне кінәлі деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің жүрген жері туралы әлеуметтік желіде тың ақпарат таратқан, «Хакер Атырау» атымен танылған 32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаев алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 6 ай бас бостандығынан шектелгенін жазған едік.