Есірткі зертханасын құрған ақмолалық 14 жылға сотталды

Жоғары соттың 4 судьясы қызметінен босатылды
Фото: Kazinform

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Есірткі зертханасын заңсыз құрған ақмолалыққа қатысты Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер алқасының қатысуымен айыптау үкімі шықты.

Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы куратордың нұсқауларын басшылыққа ала отырып, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз жасау үшін барлық қажетті компоненттер мен жабдықтарды жинап, жасырын зертхананы ұйымдастыруға жеке үй тапқан.

Жедел іс-шаралар барысында жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды, заңсыз айналымнан 50 мыңнан астам бір реттік есірткі дозасынан тұратын 5 кг астам альфа РVР психотроптық заты тәркіленді.

«Кінәлі сот алдында жауап берді, мемлекеттік айыптаушы алқабилерге сотталушының зертхананы заңсыз құруға қатысы бар екендігі туралы даусыз дәлелдер келтірді. Алқабилердің үкімімен ақмолалық 14 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді ведомстводан. 

Осыған байланысты, Ақмола облысының прокуратурасы азаматтарды тыйым салынған заттарды өткізу дерегі белгілі болған кезде, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында есірткіге масайған жүргізуші ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар