Есірткіден түскен 2,6 млрд теңге заңсыз кіріске тосқауыл қойылды

АСТАНА.KAZINFORM — Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. 

Есірткіден түскен 2,6 млрд теңге заңсыз кіріске тосқауыл қойылды
Фото: Бас прокуратура

Отырыс барысында қадағалау органының басшысы прокуратура органдары қызметінің басты назарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз қорғауға арналған бағытын іске асыру мәселелері тұрғанын айтты.

— Қазіргі уақытта елімізде ауқымды реформалар жүргізілуде. Жаңа Конституция адам құқықтарының кепілдіктерін едәуір күшейтіп, оларды қорғау тетіктерін кеңейтті. Прокуратура конституциялық реформалардың негізгі мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосуы тиіс. Біздің міндетіміз — Конституцияның әрбір нормасының азаматтардың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету және заңның бүкіл қоғам үшін бұлжымас құндылық болып қалуына ықпал ету, — деп атап өтті Берік Асылов.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша қызметтің негізгі бағыттарының басым бөлігінде оң серпін байқалғаны айтылды.

«Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»тұжырымдамасын жүзеге асыру, инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны одан әрі дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданды.

Құқықтық тәртіптің жақсаруына құқық қорғау органдары қызметін үйлестірудің күшеюі, құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары және цифрлық технологияларды енгізу маңызды ықпал етті.

— Қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейі 10%-ға төмендеді (оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар), сондай-ақ алаяқтық қылмыстар саны 13%-ға азайды.

Прокуратура органдары құқық қорғау органдарымен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, есірткі трафигінің интернет-инфрақұрылымын жою бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр.

Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шот бұғатталып, 2,6 млрд теңге көлеміндегі есірткіден түскен заңсыз кірістерге тосқауыл қойылды, сондай-ақ осы бағыттағы 10 мың сайттың қызметі тоқтатылды, — делінген хабарламада.

Берік Асылов қылмыстың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстардың, алаяқтық пен есірткі саудасының жолын кесу жұмыстарын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету қоғам өмірінің барлық негізгі әрі сезімтал салаларын қамтыды.

Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын құқықтық қорғауға, бас бостандығынан айыру орындарында заңдылықтың сақталуына, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге, сондай-ақ азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды.

— Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 2,1 млрд теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтеліп, 168 мың жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді.

Мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның оңалту құралдарын алу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізу құқықтары қорғалды.

Кәмелетке толмағандардың, оның ішінде білім алу, тұрғын үймен және медициналық қамтамасыз етумен қамтылу құқықтарының сақталуы прокурорлардың тұрақты бақылауында.

Мәселен, прокурорлық қадағалау актілері бойынша 10 мыңнан астам жасөспірімнің жоспарлы ауруханаға жатқызылу, тегін тамақтану құқықтары қорғалды, сондай-ақ 2 мыңнан астам жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй кезегіндегі құқықтары қалпына келтірілді, — делінген хабарлдамада.

Осы салада мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 2,9 мың лауазымды тұлғасы әртүрлі жауаптылық түрлеріне тартылды.