Есірткіге тәуелді науқастар санының артуына не себеп — маманмен сұхбат
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда 550 адам есірткіге тәуелділер тізімінде тұр. Ал, 323 адам есірткіні бір рет қолданғаны үшін есепке алынған. Бұл туралы облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов Kazіnform тілшісіне берген сұхбатында
— Біздің мекеме ем-шарамен айналысады. Бүгінгі таңда есірткіге тәуелді 550 адам тіркелген. Олар 3 жыл бойы динамикалық бақылауда болады. Оның ішінде «синтетикалық есірткі», «апиын» басқа да түрлерін қолданған науқастар бар, — дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов.
Орталық басшысы биыл нашақорлықпен күресте бірқатар өзгеріс енгізілгенін айтады. Соның бірі, консультативті бақылау. Мамандар есірткіні бірінші рет қолданғандарды есепке алып, бір жыл бойы бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері облыста осындай 323 адам тіркелген.
— Бұл адам бірінші рет қолданды, тәуелділік жоқ, ары қарай түсініп, қолданбауы мүмкін. Бұндай жағдайлар жол көлік апатын жасаған жүргізушілерді тексеру кезінде анықталады. Содан соң, олар 1 жыл бізде бақылауда болады. Ай сайын келіп тексеріледі. Қайталанбаса, тәуелді емес екеніне көз жеткізсек, есептен шығарамыз. Егер де осы аралықта қайталаса, емге жіберіп, алдын-алу шараларын қолданамыз. Ал, 3-4 рет қайталаса, динамикалық бақылауға 3 жылға қоямыз. Қазір осындай консультативті бақылауға алынған 323 адам бар. Ал, динамикалық бақылауда 550 науқас, — дейді орталық директоры.
Облыста есірткіге тәуелді науқастар саны бұдан да көп. Бірақ, олар динамикалық бақылаудан қорқып, мемлекеттік клиникаларға келмейді. Науқастардың артуына есірткі заттарының көбеюі себеп болып отыр.
— Полиция департаментінің мәліметі бойынша, облыста есірткімен ұсталу дерегі жылдан-жылға көбейіп жатыр. Есірткі заттары көбейді деген, тұтынушы көп деген сөз. Демек, науқас та көп. Сондықтан консультативті бақылаудағы адамдар саны көбейіп барады. Мысалы, медициналық куәландыру кабинетінде біз күніне кем дегенде, есірткі қолданатын 1 адамды анықтаймыз, — дейді Мәди Тоқанов.
Маманның айтуынша, қазір есірткінің жаңа түрлері көп. Облыста синтетикалық есірткінің 5 түрін анықтайтын 8 саналық тест бар.
— Орталыққа түсетін науқастар көбіне халық арасында «анаша» ал, ғылыми атауы «каннабиноидты» қолданатындар. Араларында синтетикалық есірткіге құмарлар да бар. Қазір жаңадан шыққан есірткілік заттар бар. Олар мефедронның екі түрі, меткатинонның екі түрі және Альфа -PVP деп аталады. Соларды анықтауға арналған жаңа қондырғылар алынды. Біз полиция департаментімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Егер жаңадан есірткі затымен ұсталса, біз бірден формуласын анықтай аламыз, — дейді Мәди Тоқанов.
Елімізде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында Маңғыстауда да скринингтер, алдын-алу шаралары мен емдеу жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталған жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Биыл аймақта аталған кешенді жоспар аясында, облыстық психикалық денсаулық орталығында әлеуметтік оңалту бөлімшесі ашылған. Мұнда науқастарға кәсіби мамандар көмектеседі.
— Науқастармен психолог, психотерапевт мамандары жұмыс істеп жатыр. Мамандар олардың өмірге көзқарастарын өзгерту үшін жұмыс істейді. Орталыққа бұрын есірткіге тәуелді болып, Павлодар қаласында республикалық ғылыми практикалық орталықта емделген екі адамды жұмысқа алдық. Олар күнделікті жұмысқа келіп, өздері сияқты адамдарға қалай емделгендерін айтып, үлгі көрсетеді, — дейді орталық басшысы.
Мәди Тоқановтың сөзінше, құзырлы органдармен бірлескен алдын-алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
— Полициямен бірге профилактикалық іс-шаралар жүріп жатыр. Білім басқармасының мамандары жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кеше облыстық прокуратурамен бірлескен шара өтті. Оған Павлодар қаласынан қауымдастырылған профессор Мария Прилуцкая арнайы келді. Ол Қазақстан бойынша синтетикалық есірткі бойынша жалғыз маман. Осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Білікті маман прокуратура қызметкерлеріне дәріс оқыды, — дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының директорының айтуынша, бүгінде өңірде науқастарға наркологиялық емге қоса, әлеуметтік оңалту бөлімшесінде толыққанды оңалту шаралары жасалады. Одан әрі, Павлодар қаласына республикалық ғылыми практикалық орталыққа жіберуге мүмкіндік бар.
— Жұмысқа орналасуға немесе қару-жараққа анықтама қажет болғанда, есірткіге қарсы зәр талдамасы жасалады. Бүгінде сол нәтиже беріп отыр. Сонымен қатар, психотроптық дәрі-дәрмектермен, химикалық заттармен жұмыс істейтін ұйымдардың қызметкерлері күнде тексеруден өткізіледі, — дейді орталық басшысы.
Биыл орталыққа жаңадан 3 маман келген. Дегенмен, әлі де маман тапшылығы облыстық психикалық денсаулық орталығының басты мәселесі болып отыр. Әсіресе, психиатр-наркологтар қажет.
Бұған дейін, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданғаны жөнінде жазған едік.