Ессентукидегі «Қазақстан» туристер арасындағы танымалдығын жылда дәлелдеп келеді

Ессентуки
Фото: «Қазақстан» шипажайы

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенті Іс басқармасы Медицина орталығының «Қазақстан» шипажайы тұрған Ессентуки қаласы Кавказ минералды суларының ортасында орналасқан. Бұл өңір үнемі туристер көптеп тартылатын курорт ретінде танымал. Осы ретте, аталған шипажайды ресейліктер мен шетелдіктер арасында танымал ететін бірқатар жетістіктер бар.

Шипажай жыл сайын көрсетілетін қызметтерді жақсарту, жаңа технологияларды енгізу және халықтың өз денсаулығына деген көзқарасының өзгеруі нәтижесінде өзінің маңыздылығын дәлелдеп келеді. Сондықтан да шипажай 40 жылдан астам уақыт бойы өңірдегі курорттық салада көшбасшылар қатарында.

«Біз шипажай-курорттық демалыстарға, жоғары деңгейдегі осындай орындарға деген сұраныстың артқанын байқап отырмыз. Бұл бір жағынан ішкі туризм ағынының артуына байланысты. Бірнеше жыл қатарынан шетелдік шипажайларда демалып жүрген қонақтар қазір Кавказ минералды сулары аумағына келіп жатыр. Жоғары талаптарға сай болуы үшін санаторийлер қызмет көрсету деңгейіне баса назар аудара бастады», - деді Ессентуки қаласындағы «Қазақстан» шипажайының директоры Елтай Асқаров.

Елтай Асқаров
Фото: «Қазақстан» шипажайы

Оның айтуынша, шипажайдың танымал болуына медициналық қызмет сапасы ықпал етіп отыр. Бұл ретте, шипажайда бальнеотерапия және балшықпен емдеу кезінде қолданылатын бірегей процедуралар елеулі рөл атқарады. Сауықтыру курортын таңдау кезіндегі адамдар заманауи жабдықтардың болуы және инновациялық қызметтердің енгізілуіне назар аударады.

«Биыл ультрадыбыстық диагностикаға арналған жабдықтарды жаңарттық. Жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппараты емделушінің жағдайы туралы толық ақпарат алуға және нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін анық суретті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ карбокситерапиялық процедураларға арналған аппарат алдық. Осы ретте, жаңа медициналық қызметтерді енгізуге және сауықтыру әрі эстетикалық медицина саласындағы қызметтер пакетін кеңейтуге мүмкіндік берді», - деп түсіндірді шипажай директоры.

Елтай Асқаров шипажайдағы ұжымның кәсіби деңгейі өте жоғары екенін айтты. Олар заманауи медициналық технологияны жақсы меңгерген және тәжірибесі мол мамандар ретінде танымал. Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын «Қазақстан» мамандары емдеу процесінде жаңа әдістерді әзірлеп, табысты түрде енгізеді. Биыл қант диабетімен ауыратын науқастарды емдеуге екпін қойылып отыр, сондай-ақ болашақ аналарға арналған көмекші репродуктивті технологиялар бағдарламасына дайындық қарастырылған. Бұл әдістемелердің бірегейлігі аймақтың табиғи емдік факторлары мен заманауи ғылыми зерттеулердің үйлесімінде жатыр.

Ессентуки
Фото: «Қазақстан» шипажайы

Шипажай басшылығы барлық бизнес-процесті жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Былтыр қызметкерлердің жұмысын және шипажай қызметтерінің бір-бірімен өзара іс-қимылын жеделдету мен жеңілдетуге бағытталған жаңа бағдарламалық тәсілдер енгізілді. Бұл өз кезегінде қонақтарға тиімдірек әрі жылдам қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Ессентуки
Фото: «Қазақстан» шипажайы

Меймандарды қызмет көрсету стандарттарына сәйкес тамақтандыру бағытында мамандардың кәсіби деңгейіне ерекше көңіл бөлінген. Бұл ретте, даяшылардың қонақтарға қатысты қарым-қатынасы, қызметкерлердің сыртқы келбеті, кәсіби стандарттарды, соның ішінде халықаралық стандарттарды орындау ескерілген.

«Біз әр өтінішке назар аударамыз. Егер қандай да бір келеңсіз жақтары болса, мен оны маркетологпен және сервис жетекшілерімен бірге жеке өзім реттеймін. Үнемі қонақтарды қуанту үшін бизнес-процестерді қайта қарау және жұмысымызды жақсарту мүмкіндіктерін пысықтаймыз. Биыл сауалнамаларды да қостық. Бұл өз кезегінде қонақтар жағынан болатын сұранысты тез анықтап, демалыс кезінде жедел шешуге мүмкіндік береді», – деді Елтай Асқаров.

Ессентуки
Фото: «Қазақстан» шипажайы
Ессентуки
Фото: «Қазақстан» шипажайы

Сонымен бірге ол шипажайға келушілерге әсер ететін тағы бір факторға тоқталды. Бұл – салауатты өмір салтын насихаттау, халық арасында өз денсаулығына күтіммен қарау үрдісінің пайда болуы. Қазіргі кезде жастар арасында санаториялық-курорттық демалысқа сұраныс артқан. Егер осыдан бірнеше жыл бұрын қонақтардың орташа жасы 55-60 жас болса, кейінгі уақытта «Қазақстан» шипажайына 45-50 жас аралығындағы адамдар жиі келіп жатыр. Адамдарды ынталандыру да өзгерді. Денсаулықты сақтау және ауруларды ерте кезеңде анықтау алдыңғы орынға шықты.

«Бұл өңірде бәсекелестік жоғары деңгейде. Сондықтан курортта алдыңғы қатарлы сауықтыру орындарының бірі болып қалу үшін заман ағымына ілесіп, сәл де болса ілгері болып, барлық саланы үнемі жетілдіріп, дамыту қажет», - дейді шипажай директоры.

Соңғы жаңалықтар